САРЫАҒАШТА «ҮЗДІК ЖАСТАР ПРЕМИЯСЫ – 2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында өткен «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауының Сарыағаш ауданынан шыққан үздіктерін аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтады.
– Жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің басты тірегі. Сіздердің білімдеріңіз бен ізденістеріңіз, кәсіби жетістіктеріңіз Сарыағаш ауданының ғана емес, тұтас еліміздің дамуына үлес қосады. Мемлекет тарапынан жастарды қолдау әрдайым жалғасын табады. Алдағы уақытта да белсенді болып, жаңа белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін, – дей келе Арман Абдуллаев жеңімпаздарға алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Айта кетсек, байқау нәтижесі бойынша «Үздік жас мұғалім» номинациясы сарыағаштық Дауренбек Миатұлына табысталды. «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» аталымы бойынша Асель Еркінқызы жеңімпаз атанды. «Үздік жас кәсіпкер» номинациясына сарыағаштық Сұңқар Бердалыұлы лайық деп танылды. Сонымен қатар Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығы «Үздік жастар ресурстық орталығы» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Сондай-ақ «Үздік жас отбасы» номинациясын сарыағаштық Әуезхановтар отбасы иеленсе, «Үздік жас IT маман» аталымы бойынша Низамиддин Курванжанович марапатталды.







