ЕЛДІМЕКЕНДЕР 82,5 ПАЙЫЗ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛҒАН

Сарыағаш ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жүйелі жобалар іске асырылуда. Осы ретте аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіндегі құрылыс нысанында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін бақылады. Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс қарқынын арттырып, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкіміне әр жобаның орындалу барысы туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеді.
Бүгінде магистралды газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жоба аясында Тасқұдық елді мекені маңынан Қарақалпақ және Шайхана ауылдарына тартылатын газ құбырын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ұзындығы 50 шақырымға жуық табиғи газ құбырының 25 пайызы тартылып үлгерген. Айта кетейік, аудан бойынша жалпы 63 елдімекен болса, соның 52-і көгілдір (82,5%) отынмен қамтылған. Қазіргі таңда 6 елдімекенді газбен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.








