САРЫАҒАШТЫҚ ЖАС КӘСІПКЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» НАУҚАНЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

4

Сарыағаш қаласындағы «Жастар» аллеясында «Таза Қазақстан» аясында сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға «Сұңқар Мед» клиникасының бас директоры Сұңқар Бердалыұлы демеушілік көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар, тал көшеттері және сырлау материалдарын қамтамасыз етті. Бұл абаттандыру жұмыстарының сапалы әрі тиімді жүргізілуіне мүмкіндік берді.

Сенбілік барысында аллея аумағы қоқыстан тазартылып, құрғақ шөптер мен сынған орындықтар ретке келтірілді, ағаштардың түптері босатылып, суғарылды, арнайы қоқыс жәшіктері сырланды, шырша көшеттері отырғызылды. Әр талдың түбі қопсытылып, суарылды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар сырланып, жаңартылды.

Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері іс-шараға белсене қатысып, аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.

Сенбілік Сарыағаш қаласының көркейуіне үлес қосып қана қоймай, жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруға бағытталған игілікті шара болды.