ЖИЫНДА НАШАҚОРЛЫҚ ПЕН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

6

Бүгін Төлеби ауданында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша аудандық ведомствоаралық штабтың IV тоқсандық мәжілісі өтті. Сонымен қатар, аудандық құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның IV тоқсандық отырысы өткізілді.

Жиында аудан аумағында есірткі қылмысының алдын алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері қаралды. Штаб мүшелері 2025 жыл қорытындысы бойынша нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы бағытталған жұмыстарын баяндады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша қоғамдық қауіпсіздік бөлімі отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы полиция капитаны Ақмарал Боташева баяндама жасады. Аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Ғани Ермек құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстар, соның ішінде есірткі қылмыстарын анықтау, тарату арналарына тосқауыл қою және профилактикалық іс-шаралардың нәтижелерін баяндады.

Медициналық ұйымдардың атқарған жұмыстары туралы аудандық аурухананың басшысы Қарлығаш Умарова және Ленгір қалалық емханасының өкілі Қабылет Әбенов баяндады. Олар наркологиялық көмектің жетілдірілуі, тәуекел топтарымен жұмыс, ерте анықтау бағдарламалары және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелерін атап өтті.

Мәжіліс қорытындысы бойынша келесі негізгі міндеттер белгіленді: профилактикалық жұмысты күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру, жастар мен тәуекел топтары арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын кеңейту. Сонымен қатар, нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуын қамтамасыз ету атқарушы органдардың міндетіне енгізілді.