СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

6

Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның IV-тоқсандағы мәжілісі өтті. Аудан көлеміндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, алдын алу шараларын күшейту және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға арналған басқосуға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев төрағалық етті.

Мәжілісте аудандық Мансап орталығының басшысы Қайырғали Әміртаев жұмыспен қамту саласындағы тәуекелдер мен олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Сонымен бірге қызмет көрсету процестерін цифрландыру және әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қолдаудың әділ бөлінуін қамтамасыз ету жайы айтылды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Калибеков мемлекеттік ақпараттық саясаттағы ашықтықты арттыру, мемлекеттік тапсырыстардың жариялығын қамтамасыз ету және қоғаммен кері байланыс жұмыстарын күшейту жөнінде ақпарат берді.

Сондай-ақ аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әуесбек Әсілбек мәдениет саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды. Атап айтқанда, мәдени іс-шараларды ұйымдастырудағы ашықтық, мемлекеттік сатып алуларды электронды форматта өткізу және ішкі бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.

Мәжіліс барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар да қарастырылды. Бұл бағыттағы есептерді Аққұм ауылдық округінің әкімі Қайрат Таменов пен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Асабай Балтабаев ұсынды.

Комиссия мүшелері ұсынылған мәселелерді талқылай келе, аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.