ИІРСУ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

54

Бүгін Түлкібас ауданы әкімдігі мен Қытайлық «Kazakhstan Silk Road International Cultural Tourism Investment Management» ЖШС өкілдері арасында Иірсу демалыс аймағының жобасына қатысты кездесу өтті.

Аудан әкімі Асқар Естібаев бастаған топ шетелдік инвесторлармен бірге жобаның нақты кезеңдері мен іске асу тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады.

Алдын ала жоспарға сәйкес, құрылыстың алғашқы кезеңі қаржы тетіктері шешілген жағдайда 2026 жылдың наурыз айында басталып, маусым айында алғашқы нысандар іске қосылады деп жоспарлануда.

Жобаның басты ерекшелігі — табиғи сұлулығы сақталған, экологиялық таза аймақта туризм инфрақұрылымын дамыту.

Иірсу елдімекенінен Ақсу шатқалына дейінгі жол құрылысы мемлекет және инвесторлар қаржысымен жүргізілмек. Көру алаңы — яғни шыныдан салынатын аспалы алаңы да мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Алайда жобаның негізгі кешендері — 200 бөлмелі, 3 қабатты, 4 жұлдызды қонақ үй, мейрамханалар мен демалыс орындары инвесторлар есебінен салынады.

Кездесу барысында екі тарап табиғатты сақтау, экологиялық нормаларды қатаң ұстану, туристік әлеуетті арттыру мәселелерін алдыңғы орынға қойды.

Аудан басшысы Иірсу шатқалын еліміздегі жетекші экотуризм орталығына айналдыру мақсаты бар екенін атап өтті.