ИНВЕСТОРЛАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

Тұмса табиғатымен талайларды тамсандырған Төлеби ауданына туристер қатты қызығады. Әсіресе, Біркөлік, Ақмешіт және Сайрамсу аймағының даңқы алысқа кеткен. Расында да аталған аймақ туризм кластерін дамытуға сұранып-ақ тұр. Әсіресе, флорасы мен фаунасын айтсаңызшы! Сондықтан бұл аймақ жыл он екі ай демалушылардан босамайды. Қыста мұнда тау шаңғысымен серуендеуге қолайлы. Ал, көктемде тау етегі тіпті құлпырып кетеді. Жазда өзендер мен су айдындарында шомылып, еркін тынығуға болады. Күз қызықтары да аз емес. Былайғы жұрт Қасқасу аймағын «екінші Медеу» деп те атайды. Қасқасу рекрециялық кешенінің құрылысы аяқталып, іске қосылса, бұл жер туристерді шоғырландыратын үлкен орталыққа айналғалы тұр.
Таяуда өткен «TIITF-2025» форумы аясында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бірқатар инвесторлармен кездесіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған арнайы жобаларды таныстырды. Кездесулер барысында туризм инфрақұрылымын дамыту, жаңа туристік нысандар ашу, сервис сапасын жақсарту және экотуризм бағыттарын кеңейту бойынша ұсыныстар қарастырылды. Инвесторлар Төлеби өңірінің табиғи байлығы, қолайлы климаты мен географиялық артықшылықтарын атап өтіп, бірлескен жобаларға қызығушылық білдірді.
Аудан әкімі туризм саласын дамытудың аймақ экономикасы үшін маңызы ерекше екенін атап өтіп, жаңа жобалар жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық ахуалды нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Форум аясындағы келіссөздер ауданның туристік саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастамаларды іске асыруға даңғыл жол ашады деген сенімдеміз.








