ЕҰУ-дың студенттік «Шаңырақ» театры «Халықтық театр» атағын алды

18

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік «Шаңырақ» театры «Халықтық театр» атағын иеленді.

Он бес жылдық тарихы бар «Шаңырақ» театры студенттік деңгейден өсіп, бүгінгі үлкен мәртебеге қол жеткізді. Бұл – ұжымның шығармашылық еңбегінің, табандылығы мен өнерге деген сүйіспеншілігінің нақты нәтижесі.

Театр репертуарында отандық шетелдік авторлардың шығармалары бар. Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы», М.Байжиевтің «Тіл табысқандар», Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», М.Ладоның «Болмаған оқиға», М.Шахановтың «Танакөз», Ж.Жұматтың «Мұңмен алысқан адам» драмасы (ағылшын тілінде), С.Жүністовтің «Жаралы гүлдер» сияқты танымал қойылымдармен қатар, «Махаббат қызық мол жылдар», «Тамаша айым – тамызым», «Ғасыр дерті», «Үміт» секілді көркем дүниелер де бар. Труппа мүшелері республикалық және аймақтық көркемсөз байқауларында да үздік нәтиже көрсетіп жүр.

«Шаңырақ» театры университет пен елордамыздың мәдени өмірінің бел ортасында. «Республика күні», «Тәуелсіздік күні», «Наурыз» мейрамы сынды маңызды мерекелерде, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Ер Жігіт», «EnuShow» байқауларында өнер көрсетіп, жастардың рухани дамуына зор үлес қосып келеді.

Ұжым қалалық, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындарды иеленіп жүр. «Адамдық борышың…» республикалық студенттік театр фестивалінде ІІ орын (Семей), «Сахна және студент» республикалық студенттік театр фестивалінде ІІІ орын (Алматы), «Sea. Sun. Festival» халықаралық байқауында І орын (Льорет де Мар, Испания), «Dubai Grand Festival» халықаралық байқауында «Бас жүлде» (Дубай, БАӘ), «Каспиийский бриз» ІІІ халықаралық тәуелсіз театрлардың байқау-фестивалінде «Бас жүлде» (Баку, Әзербайжан) сынды жетістіктері бар.

Театрдың атауы да терең мәнге ие. ЕҰУ-дың әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілептің айтуынша, «шаңырақ» – қазақ үшін қастерлі ұғым. Өнерге құштар жастар осы шаңырақтың уығындай бірігіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында еңбек етуді мақсат еткен.

«Халық театры» атағы театрдың, ұжымның әрі жеке әртістердің беделін, мүмкіндігін және кәсіби өсуін айтарлықтай арттырады. Толық кәсіби театрға бір қадам жақындатады. Атақ – тек құжат ретінде емес, ұжымның еңбегі бағаланғанының белгісі,  бұл актёрлер мен режиссерлерге жаңа серпін, жаңа деңгей береді. Шығармашылыққа жаңа жол ашады. Ең бастысы, театрдың кәсібилік деңгейі мемлекет тарапынан мойындалуы. Демек, қала көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде де танымалдығы артады», — дейді театр режиссері Бағдат Әшім.

«Шаңырақ» театрының басты мақсаты – өнер арқылы жастардың өмірге құштарлығын арттырып, адамгершілік құндылықтарды ояту, халықтың жүрегіне жол табатын сапалы қойылымдар ұсыну. 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік «Шаңырақ» театрын «Халықтық театр» атағын алуымен шын жүректен құттықтаймыз!