МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ӘДЕП КОДЕКСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Орманов Ербол Керімбекұлының төрағалығымен маңызды әрі мазмұнды жиын өтті.
Жиынға аудан әкімдігінің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, коммуналдық мекеме жетекшілері, мемлекеттік қызметшілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Басқосуда Ербол Керімбекұлы қатысушыларға күнделікті қызмет барысында кездесетін әдептік мәселелерді шешу жолдары, азаматтармен қарым-қатынас этикасы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, облыс кесіндісінде мемлекеттік қызметшілердің болмысын (иммиджін) көтеру мақсатында жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Содан соң, кездесуде Түлкібас ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі Байтуғанов Фархат Тастайбекұлы аудан кесіндісінде атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау, қызметтік әдептілікті нығайту, жұмыс орнындағы мінез-құлық мәдениеті жайы кеңінен талқыланды.
Әдеп уәкілі Ербол Керімбекұлы мемлекеттік қызметшілердің киіну тәртібіне де назар аударды.
Оның айтуынша, әр өңірде қызметтік киім үлгісі мен киіну мәдениеті арнайы бекітілген тәртіпке сай жүргізіледі. Сондықтан мемлекеттік қызметші бекітілген дресс-код талаптарын сақтауға міндетті. Бұл – қызметкердің кәсіби бейнесі мен мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға бағытталған талап екенін айтып өтті.
Кездесу соңында қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды.







