«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгінгі таңда ауданымызда ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі салалары қарқынды дамып келеді. Осыған орай, арнайы іссапармен ауданымызға келген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ғани Құрманбай жаңадан іске қосылған өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Алдымен олар «Майтөбе–Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне барып, ондағы өндіріс процесін және шығарылып жатқан өнімдерді көрді. Кооператив жаз айларында тәулігіне 5 мың тоннаға, қыста 3 мың тоннаға дейін сүт қабылдап, түрлі сүт өнімдерін өндіреді. Қазіргі таңда мұнда 13 адам жұмыспен қамтылған.
Одан кейін жұмыс тобы Майтөбе ауылындағы «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне барды. Кооператив жылына 5000 тонна жеміс-жидекті қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Қытай Халық Республикасынан алынып келген заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жоба толық іске қосылған. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев өткен жылы Ақбиік ауылдық округінде жұмысын бастаған «Тау Форель» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив жылына 8–10 тонна форель балығын өндіреді және өнім Шымкент, Алматы, Астана қалаларына жөнелтіледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда форель өндірілсе, болашақта сазан және бекіре балықтарын өсіру көзделуде.
Сапар соңында Алтынсары Үмбеталиев кәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға болатынын айтып, өндірістерді кеңейту арқылы ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосуға шақырды.








