ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қыс мезгілінде аудан тұрғындарының және көлік жүргізушілерінің қауіпсіз жүріп-тұруын, көктайғақта орын алуы ықтимал түрлі қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен қала, кент, барлық ауылдық округтерде қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңбыр аралас жауған қардан кейінгі ауа-райының суытуына байланысты мұз қатуының алдын алу мақсатында көшелерге тұз аралас құм себілуде.
Айта кетейік, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі ішкі көшелерді қардан тазалап, көктайғақты болдырмау мақсатында дайындалған 100 тоннадан астам инертті материалдардан 15 тонна құм араласқан тұз шашу жұмыстары жүргізілуде. Қар тазалауға 20 арнайы техника мен 140 адам жұмылдырылған.
Табиғи жағдайға байланысты жол-көлік апаттарының және түрлі дене жарақаттарының алдын алу мақсатында тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырамыз.







