АУДАНДА ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды.
Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 ақжелеңді 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсететін болады. 1960-1961 жылдары ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.
Ал, Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.
Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Нысандардың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты.
Лента қию рәсімінен кейін қонақтар медицина мекемелерін аралып көріп, ондағы заманауи үлгідегі дәрігерге дейінгі және жалпы тәжірибелі дәрігер, екпе егу, тіс дәрігері, сүзгі, әмбебап патронаж, ауызбен суландыру, акушер-гинеколог, баланы дамыту, әлеуметтік қызметкерлер, ем-шара, күндізгі ем-шара алу, ерлер көріну, тікелей қадағалап емдеу, қақырық жинау, стерильдеу, медициналық қалдықтар Б тобын жинақтау және бейнебақылау бөлмелерінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысандарында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ халатты қызмет етеді. Биылғы жылдың 8 айында 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған.
Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылы 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.







