ОРДАБАСЫ: БҮГІНГІ АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ– ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ

23

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі аппаратында кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте ауданның қоғамдық-саяси және әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін негізгі мәселелер кеңінен қаралып, нақты тапсырмалар жүктелді.

Алғашқы мәселе бойынша қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ баяндама жасады. Баяндамашы аудандағы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі әрі үздіксіз жүргізілуі қажет екенін, қоғаммен кері байланыстың аса маңыздылығын айтып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер. Бұл бағытта аудандық орталық аурухананың басшысы Райымбек Тасырбаев баяндама жасап, аудан көлемінде медициналық қызмет көрсетудің барлық бағыттары толық қамтылып отырғанын атап өтті. Соңғы жылдары медицина саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артқаны баяндалды. Сонымен қатар, аудан көлемі толықтай заманауй медициналық ұйымдармен қамтылғанын, елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының жүйелі түрде жұмыс істеп тұрғанын аитты.

Сондай-ақ урологиялық оталар жасау бойынша жаңа медициналық бағыттың енгізілгенін, заманауи әдістер арқылы күрделі операциялардың аудандық деңгейде орындала бастағанын жеткізді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың облыс орталықтарына сабылмай, өз ауданында сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беріп отыр. Медициналық қызмет көрсету көрсеткіштерінің өсуі, профилактикалық шаралардың күшеюі және кадрлық әлеуеттің артуы да негізгі жетістіктер қатарында аталды.

Аудан әкімі Азат Оралбаев денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруда бұл бағыттың маңызы зор екенін атап өтті. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын сақтау, ғимараттарды күтіп-ұстау, уақытылы жөндеу және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі үнемі басты назарда болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен бірге саладағы жетістіктермен қатар, анықталған мәселелерді де назардан тыс қалдырмай, оларды кезең-кезеңімен шешу қажеттігін тапсырды.

Үшінші мәселе – білім саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті түйткілдер. Аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ердос Абишев саладағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, білім беру сапасын арттыру бағытындағы жоспарлармен бөлісті. Аудан әкімі білім – ел болашағының негізі екенін атап өтіп, мектептердегі тәртіп, қауіпсіздік және білім сапасына қатаң бақылау жүргізу қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар мәжілісте жылыту маусымының өту жағдайы, уланудың алдын алу шаралары, сондай-ақ ауыл округтеріндегі орындаушылық тәртіп мәселелері кеңінен талқыланды.

Аудан әкімі әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғалардан нақты есеп алып, тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен бірге барлық ауыл округтері мен бөлім басшыларына қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Жиын қорытындысында Азат Оралбаев ауданның тұрақты дамуы үшін әрбір сала басшысы жоғары жауапкершілікпен, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.