ТҮРКІСТАНДА 11 МЕКТЕП ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП, 2 «КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» АШЫЛДЫ

2025 жылы Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты 4 мектепке күрделі жөндеу, ал 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орындық жаңа 2 мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбет мәлімдеді.
«Түркістан қаласында 2024-2025 оқу жылында мектеп түлектері арасында 178 оқушы «Алтын белгіге», 250 оқушы «Үздік аттестатқа» бітірді. 9-сыныпты бітіргендер арасында 350 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. 11-сыныпты бітірген 3 063 оқушының ішінде 2 468 оқушы ҰБТ-ға қатысып, олардың 53,1%-ы мемлекеттік грант жеңіп алды. Өткен оқу жылында 108 оқушы облыстық олимпиадаларда, 9 оқушы Республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанды. Сонымен қатар, 2025-2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында өткен облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 76 оқушы жүлдегер атанды. Сондай-ақ, биылдан бастап қаладағы мектептерде үйірме ретінде «Яссауитану» пәні оқытылуда. Түркістан қаласындағы 38 мемлекеттік мектеп 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарында толықтай бейнебақылау камералары орнатылған. Оқушыларды оқулықтармен қамту мақсатында 124 949 дана кітап мектептерге үлестірілді. Бөлімге қарасты 4 мектеп пен 2 балабақша орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады.
Шаһар бойынша 17 481 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Одан бөлек, биыл педагогикалық кадрлық резервтің үшінші кезеңіне 11 педагог қабылданып, 1 мұғалім мектеп директоры болып тағайындалды. Түркістан қаласындағы мектептерде 3 ауысымды оқу орны толығымен жойылды. Апатты жағдайдағы мектептер жоқ»-деп баяндады сала басшысы.
Сондай-ақ, брифинг барысында қалалық «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» МКҚК директоры Бекарыс Шойбеков жаңа ғимаратқа көшкен орталықтың жұмысын баяндады.
Айта кетейік, Түркістан қаласында жалпы саны 249 білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Оның ішінде, 86 мектеп, 152 мектепке дейінгі ұйымдар, 6 мектептен тыс мекемелер. Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерде 60 мыңға жуық оқушы білім алуда. Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда 17 776 бала тәрбиеленсе, мектептен тыс мекемелерде 3 429 бала түрлі үйірмелерге қатысып келеді. Жалпы шаһардағы білім беру ұйымдарында 5 606 ұстаз білім береді.








