КІТАПХАНА — МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ НЫСАН

78

Кітапхана — оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір болса, ал кітапханашы — кітапхана тірлігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы екені даусыз. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Кітапханашылар жұрт көп біле бермесе де, көп елемесе де оқырмандарға қажетті акпараттың тиімдісін беріп отырған, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жүрген, қасиетті қазыналарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген ең қажетті мамандық иелері десек артық айтқандық болмас. Кітапхана — мәдени-ағартушылық, әр адамның өзіндік білім алуына жәрдемдесетін мекеме. Кітапхана баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттаумен, оқырмандарға баспасөз шығармаларын берумен, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданады.

Осы орайда Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы 2 жыл ішінде көптеген жобалар мен жоспарларды тыңғылықты атқаруда көш бастап келеді. Ағымдағы жылдың «Кітап Travel -2023» Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа акциясы, «Қызмет» газетімен бірлесіп өткізіліп жатқан «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» балаларға арналған облыстық акция-байқауы, «Open Library – 2023» кітапханада ашық есік күнін ұйымдастыру бойынша облыстық эстафетасы бұл жобада аудандық кітапханаларда өткізіледі, «Жылдың үздік жас кітапханашысы – 2023» республикалық байқауы сонымен қатар «Жас кітапханашы — 2023» облыстық семинар-форумы 35 жасқа дейінгі жас кітапханашылармен заманауи тахнологиялар және интернеттің шексіз мүмкіндіктерін пайдалану жайлы семинар, «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқаулары ұйымдастырылып өткізіліп жатыр.

«Оқитын ұлт» Ұлттық жобасы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспар бекітілген. Жоспар бойынша Түркістан облысының 2022 жылы индикатор көрсеткіші 28 пайыз, 2022 жылдың соңы бойынша халық саны 4 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда 2 119 063 (екі миллион жүз он тоғыз мың алпыс үш) адам, кітапханадағы оқырмандар саны 594 839 (бес жүз тоқсан төрт мың сегіз жүз отыз тоғыз) адам. Бекітілген формулаға сәйкес, жоспар толық орындалған.

Сондай-ақ, осы жоба аясында «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» бағыттары бойынша өтетін іс-шараларға қатысқан оқырмандар саны мен жалпы кітапханаларға тіркелген оқырмандар санын есепке ала отырып индикатордың орындалуы бақыланып отырады. 2023 жыл бойынша нақты индикатордың жоспары 31 пайыз. Есепті кезеңдегі оқырмандардың белсенділігін назарға ала отырып, жоспарланған көрсеткіштің орындалуы ықтималдығы жоғары деп айтуға болады.

Аз ғана уақыттың ішінде кітапхана көптеген жетістіктер мен бастамалардың биік шыңына шыға білді. Мақсаты айқын, мұраты асыл кітапханашылар оқырманның санасына білім нәрін ұялатып, еліміздің жоғары білімді азаматтарын қалыптастыруда ағартушылық нысан рөлін атқарып келеді. Бұл үрдіс ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып ұласатыны хақ.

Маржан АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ,

кітапханашы.