ШАХМАТ КЕРУЕНІ САУРАН АУДАНЫНАН БАСТАУ АЛДЫ

119

Алғаш рет, Түркістаннан жолға шыққан шахмат керуенін Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы қолдап, ауданның ашық біріншілігін өткізуге ықпал жасады. Оранғай елді мекенінде шахмат керуенінің біріншілігі өткізіліп, ашылу салтанатына аудан әкімі қатысты.

Бұл бастаманың негізі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шахматты дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан шахмат федерациясы «Шахмат керуенін» ұйымдастырған. Осы жобаны Түркістан қаласының шахмат жанашырлары тәуелсіз бастама ретінде қайта қолға алды.

«Апта сайын – бір ауыл!» тәуелсіз жобасы аясында шахмат керуенін халықаралық шахматшы Қуанышбек Джумадуллаев, ҚШФ Түркістан облысы бойынша филиалының атқарушы директоры Асхат Майкотов пен Түркістан қаласының шахмат нұсқаушысы Алима Пашанова ұйымдастырды.

«Шахмат — ақыл-ой спорты болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған еліміздегі шахмат қозғалысын дамыту саясатын қолдау мақсатында ауыл балалары мен азаматтарын зияткерлік ойынға тарту бағытында атқарып жатқан еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін» — деп аудан әкімі ұйымдастырушылар алқасына сый-құрметін көрсетті.

Шахмат ойыны жастармен бірге ересектердің де ойлау логикасы мен зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерік-жігерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта, дәл осы аталмыш керуен Сауран ауданына қарасты 12 ауылды аралап, тегін мастер класс, жеке сеанстар өткізеді. Жас ерекшелігінде шек жоқ. Шахматқа қызығатын кез келген азамат қатыса алады. Онда шахматтың шығу тарихы, пайдасы туралы насихат жұмыстары, шахматтағы жетістіктерді ауыл жастарына көрсете отырып, зияткерлік салаға келуге жетелейді.