«БОЛАШАҚҚА ТАЛ ҚАЛСЫН» ЭКО АКЦИЯСЫНДА 10 МЫҢ ТҮП ЖЕМІС АҒАШЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

61

Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Болашаққа тал қалсын» атты эко акция ұйымдастырылды. Күн сайын көркейіп келе жатқан киелі Сауран ауданының ажары оның тазалығына байланысты. Аудан таза, әдемі, жасыл желекке оранып тұруы, әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Ауданның шырайын келтіріп, көшелердің көркін реттеу мен тазалық жұмыстарын жүргізу аса маңызды.

Акцияда Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов сөз сөйлеп, барша саурандықтарды ауданның тазалығына жауапты екенін айта келіп, акцияда тал отырғызу шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыруға шақырды.

Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес. Жыл сайын жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары күз мезгілінде басталып, қара күзге дейін жалғасады. Бүгінгі эко акцияға шыққан аудан әкімдігінің дербес бөлімдері, жастар мен мекеме қызметкерлері, ауыл округ әкімдігінің қызметкерлері тал отырғызу шарасына белсене қатысып, осы күні ауданымыз бір еңбек майданына айналғандай болды.

Ауданымыздың осылай көркейіп жатқанын көріп ауыл тұрғындары ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Аудан әкімі бас болып, қаламыздың тазалығына мән беріп, оны халық болып жалғастырып жатқаны әрине сүйсінерлік жәйт. Әсіресе, ауданды, ауыл-аймақты көгалдандыруға көп көңіл бөліп, соған бар күшті салуымыз керек. Осы күні акция аясында 10 мың түп жеміс ағашы отырғызылып, оған 400-ден астам адам мен 2 техника жұмылдырылды. Аталған сенбілік акциясы алдағы апталарда өз жалғасын табатын болады.