ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР НАУҚАСТЫҢ БҮЙРЕГІНЕН АСА ІРІ ТАСТЫ АЛЫП ТАСТАДЫ

17

Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігерлері 66 жастағы науқасқа күрделі ота жасады. Нәтижесінде науқастың бүйрегінен ерекше пішінді үлкен тасты алып, ағзаны сақтап қалды.

66 жастағы науқас бұған дейін бірнеше медициналық мекемеге жүгінгенде ол жақтағы мамандар тастың үлкендігіне байланысты бүйрегін толық алып тастауды ұсынған. Ал қалалық №1 клиникалық аурухананың тәжірибелі дәрігерлері науқастың жағдайын жан-жақты саралап, ағзаны сақтап қалудың балама жолын таңдады.

Нәтижесінде жоғары шеберлік пен нақты үйлесімділікті талап ететін күрделі операция жасалып, бүйректен көлемі 6×5 см ерекше пішінді тас алынды. Одан кейін бүйрек Custodiol (кустадиол) ерітіндісімен мұқият өңделіп, қайтадан орнына салынды. Бұл – сирек қолданылатын, жоғары технологиялы органсақтаушы хирургиялық әдіс.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Жағдайы жақсарған соң үйіне шығарылады.