МӘШҺҮР ЖҮСІП ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ҚОСЫМША СУ ҰҢҒЫМАСЫ ҚАЗЫЛУДА

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша су ұңғымасы қазылып жатқан нысанға барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Бүгінде елді мекенде 1127 тұрғын бар. Ауылда 129 тұрғын үй бар және олардың барлығы ауыз су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда елді мекенде 89 су есептегіш құралы орнатылған. Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тәуліктік қажетті су тұтыну көлемі 135 текше метрді құрайды. Елді мекен ішіндегі магистральды су құбырының жалпы ұзындығы 14,4 шақырым, ішкі су құбыры желісі 5,6 шақырым болып, ауыл аумағында 50 текше метрлік су мұнарасы орналасқан.
Қазіргі таңда қолданыстағы ұңғымадан алынатын ауыз судың түсі өзгеруіне байланысты, тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қосымша су ұңғымасын қазу жұмыстары қолға алынған.
Нысанды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жауапты сала мамандарына құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, санитарлық талаптардың толық сақталуын және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.







