ТҮРКІСТАНДА «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

18

Түркістан облысында менталды бұзылыстары бар балаларды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан – «Қамқорлық» арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары София Айсағалиева, «Қамқорлық» қоры корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінқызы да құттықтау сөз сөйлеп, мұндай игі бастамалар жалғасатынын жеткізді.

Аталған орталық Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиесілі және жартылай стационарлық үлгісінде жұмыс істейді. Бір мезетте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 баланы қабылдай алады. Мұнда балаларға тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі.

Заманауи талапқа сай орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Қамқорлық» корпоративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бірлесіп, 350 млн теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 млн теңге қаражат бөлді.

Орталықта балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті, сенсорлық және сенсорлық-интеграция бөлмелері, робототехника және LEGO сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары толық жабдықталды. Жаңа орталық өңірде аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне оң ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

Айта кетейік, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Бүгінгі таңда Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың болса, оның ішінде 15 457-сі – балалар. Ал 2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес облыс аумағында аутистік спектрінің бұзылуы (АСБ) диагнозы қойылған 398 бала тіркелген.

Соңғы бес жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында 20-дан астам қайырымдылық жобаны іске асырды. Олардың қатарында «Ainala» оңалту орталықтары, 3 және 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, ауылдық елді мекендердегі спорт алаңдары сынды жобалар бар.