АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІ МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

5

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қаланың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары және орындаушылық тәртіптің сақталуы жөніндегі жұмыстар талқыланды.

Бүгінде Түркістан қаласында 18 медициналық ұйым қызмет атқарады.

Қала бойынша 269 285 тұрғын медициналық ұйымдарға тіркелсе, оның 219 135-і сақтандырылған, ал 48 792 тұрғын сақтандырылмағаны анықталды.

Сонымен қатар, қала тұрғындарының 87%-ы мобильдік қосымшаны белсенді қолданып, жыл басынан бері электронды қабылдауға жазылу саны 863 421-ге жеткен. Электрондық медициналық жазбалар көлемі 1,3 миллионнан асып, электрондық денсаулық паспорттарының қамтылуы 98,9%-ды құрайды.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мемлекеттің ең басты байлығы — адам өмірі мен денсаулығы екенін, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.

-Қаламыздағы денсаулық сақтау жүйесі кризистік жағдайда болмауы тиіс. Әрбір тапсырма нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Бүгін көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауда болады. Біз тек талқылап қоймай, оларды шешу үшін нақты қадамдар жасауымыз қажет. Қажетті құрал-жабдықтармен толықтыруды тез арада қолға алу керек. Уақыт күттірмеуі керек. Адам өмірінен асқан байлық жоқ. МӘМС жүйесін де кеңінен түсіндірік, жүйелі дамыту керек. Егер емханаларыңызда мәселе болса, осында айтыңыздар. Бірге шешімін табайық, – деді қала басшысы.

Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы орындаушылық тәртіптің маңыздылығына тоқталып, хаттамалық тапсырмалардың уақытылы орындалуы мемлекеттік басқару сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіш екенін атап өтті. Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына қызмет көрсету мәдениетін арттыруды, инфрақұрылымды жақсартуды, кадрлық әлеуетті күшейтуді және цифрландыруды жалғастыруды тапсырды.