КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІС ӨТТІ

2

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпсіз пайдалану жағдайы, ақылды аялдамалар мен «Ерекше мәртебе» Заңы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қаралды.

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының м.у.а. Кенжебаев Нұрболаттың баяндауынша, 2025 жылы азаматтық қорғау саласындағы оқу-жаттығулар саны 2 595-ке жетіп, 43%-ға артқан.

Қалалық нысандардың қауіпсіздік деңгейі бойынша 604 нысан жоғары тәуекелді, 87 нысан елеулі және 11 206 нысан елеусіз деп танылған.

Биылғы жылы 145 тексеру жүргізіліп, оның 53%-ы профилактикалық, 47%-ы жоспардан тыс жүргізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 8 тұлғаға айыппұл салынған.

Қала әкімі Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп базар аумағында және ішкі көшелерде жаңартылған тақырыптық баннерлер орнатуды, сондай-ақ жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық орындарда полиция нарядтарын күшейту және қауіпсіздік хабарламаларын қала тұрғындарына кеңінен насихаттауды тапсырды.

«Газ инспекциясы» КММ деректеріне сәйкес, табиғи газға қосылған абоненттер саны 46 270-ке жеткен, оның ішінде жеке үйлер – 33 833, көпқабатты үйлер – 12 437. Жыл басынан бері 43 626 абонент тексеріліп, 40 770 пайдаланушы газды дұрыс пайдаланып отыр, 2 856 кемшілік анықталған.

Кәсіпкерлік нысандар бойынша 847 объектінің 189-ы тексеріліп, 45 нысанда кемшілік табылды, оның 28-і толық жөнделді. Мектептер мен балабақшаларда газ қауіпсіздігі бойынша ескертулер жасалып, рейдтік шаралар жүргізілуде.

Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлының баяндамасына сәйкес, Түркістан қаласында кәсіпкерлік және туризм саласында 13 функция бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қолөнершілерді қолдау бағдарламасы іске қосылып, шығындардың 25%-ына дейін субсидия беріледі. Сауда объектілерін орналастыру қағидалары мен гид-экскурсоводтарды оқыту бағдарламалары талқыланды.

Сәулет және қала құрылысы бөлімі орталықтағы нысандардың дизайн-кодқа сәйкестігін қадағалап, түзету мерзімдерін белгілеп, мерзім бұзылған жағдайда қосымша шаралар қолданылмақ.

Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы барлық тапсырмалардың мерзімінде және нақты орындалуы қажеттігін, сондай-ақ әрбір кемшіліктің қаланың дамуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.