САУРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

19 қаңтар күні Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімі аппаратының қызметкерлерімен аппараттық мәжіліс өткізілді. Жиынға аудандық бөлім басшылары жыл көлемінде атқарылатын негізгі жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мырзахметов Ильяс 2026 жылға бюджетті қалыптастыру және игеру бойынша атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Ол жоспарланған қаржылық индикаторлар мен негізгі әлеуметтік-экономикалық жобаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, бөлімдердің бюджет бойынша атқаратын нақты міндеттерін атап өтті.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының орынбасары Сұлтанмурат Нұрмухаммед ауданға қарасты ауылдардың сәулетті келбеті мен қасбеттерін реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндамашы жоспарланған жобалардың мерзімі, қаржыландыру көздері және тұрғындармен үйлестіру жұмыстарын нақтылады.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалеке Марат жыл көлемінде атқарылатын іс-шаралар жайлы баяндама жасады. Ол қоғамдық, әлеуметтік және тұрғындарға арналған іс-шаралардың сапасын арттыруға арналған нақты ұсыныстар мен әдістемелерді ұсынды.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жұмабекова Жанар Жаңабекқызы мәдениет және спорт салалары бойынша жыл көлемінде жүзеге асырылатын іс-шараларға тоқталды. Баяндамашы бөлімнің алдағы мерекелік, спорттық және мәдени шараларды ұйымдастыру жөніндегі жоспарларын, сонымен қатар қаржылық және материалдық ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін жеткізді.
Аппараттық мәжіліс барысында аудан басшысы баяндамаларға талдау жасап, әрбір бөлімге нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім атқарылатын жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуын бақылау маңызды екенін атап өтіп, әрбір бөлім басшысына өз іс-қимылдарын жоспарлы және жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.








