АДАМЗАТ ЯДРОЛЫҚ ҚАСІРЕТТЕН АМАН БОЛСЫН

243

Семей полигоны — КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өткізіп, бірқатар жауынгерлер әскери борышын сынақ аймағында өтеді. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі әскери борышын қауіпті аймақта өтеп, көзсіз ерлік жасаған жерлестеріміздің құрметіне «Семей ядролық полигоны зардаптары» атты іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның құрметті қонақтары Семейдегі радиациялық қауіпті аймақта әскери қызметте болған Қалжан Дауылбаев, Дүйсенбек Дәрібаев, Жүсіп Алтынбеков, Абдраш Тұранқұлов және Семей полигонының ардагерлері, Чернобыль, Желтоқсан қозғалысы ардагерлері, Шымкент қаласы Қаратау аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Асылбек Тоқмағамбетов қатысты.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми әдістемені қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айнұр Қыдырбаева Семей ядролық сынақ жайлы баяндама жасады.

— Адамзат тарихында жер бетіндегі тіршілік атаулысына, оның ішіндегі адамдарға ең үлкен қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 32 жыл толды. Қазақстан — әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет. Қаншама жылдар бойы ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және табиғи ортаға орны толмас зиянын тигізді. Халық арасында ауру-сырқау мен өлім-жітім көбейіп Семей аумағымен қоса, Павлодар, ШҚО және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды. Осы Семей аумағында болған ауыр жағдайды ескере отырып, адам баласын қауіп қатерге ұрындыратын апаттардан сақтауға күш жұмылдырайық,- деді А.Қыдырбаева.

Семей ядролық полигонында 456 ядролық және термоядролық сынақ жарылысы жасалған. Оның 116-сы ашық түрде өткізілген. Ресми деректерге сүйенсек, бұл ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болғаны айтылады. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар жан төзгісіз азап, қайғы-қасірет шегіп, денсаулығына зор залалы тиді. Семей аумағындағы адамдар арасында қатерлі обыр, әртүрлі ауытқулар, тәндік және есту кемшілігі бар әрқилы сәбилер дүниеге келді. Күні бүгінге халық сол сынақтардың зардабын тартып отыр.

Жиын соңында Семей сынағына қатысқан ардагерлер өмірлік тәжірбиелерімен бөлісті.