АУДАНДА ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

19

Бүгін ауданда Отырардағы ақындар керуенінің ізін жалғаған, жас ақын Бауыржан Ерманның «Галактикадағы ғұмыр» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Отырар ауданының 90 жылдығы аясында аталып өткен тағылымды шараға келген көпшілік алдымен тақырып аясындағы кітап көрмемен танысып, жас ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында баяндалған бейнефильмді тамашалады.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Жұмаханұлы құттықтау лебізін жеткізіп, жаңа туындының лентасын қиды.

Аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы кеудесін өлең кернеген, көпшілікті өлең-жырларымен баурап жүрген Бауыржан Мейірханұлының «Галактикадағы ғұмыр» атты жаңа кітабы көпшілік оқырманның көңілінен шығатынына сенім білдірсе, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы қай заманда болса да, ел бастаған, көш бастаған азаматтар елдің бірлігін, ынтымағын күшейтуде, елдің елдігін сақтап тұруда елдің зиялы қауымына, ақындарына, жазушыларына арқа сүйей отырғанын айтып, аудан тарихында өзінің азаматтық келбетін қалыптастырып келе жатқан ақынға шығармашылық табыс тіледі.

Шара барысында ақынның ата-анасына құрмет көрсетіліп, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының сый-сыйапаты табысталды.

Шындығында Бауыржан ақынның әр өлеңі өзінің өмірінен алынып, өзінің қоршаған ортаға деген көзқарасын өрнектейді. Оның тағы бір ұтымды жері – оның балалар шығармашылығына ден қоюы. Ақынның «Әке», «Ата», «Жеті қазына», «Тәрбие туралы жыр» сынды өлеңдерінің балалардың көңілінен шығуы, олардың ақын өлеңін жаттап, әнге айналдыра орындауы қуанарлық жағдай. Поэзия кешінде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдерін ақынның туған ауылынан келген жас жеткіншектер нақышына келтіріп жатқа оқыды.

Шарада «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әділхан Мәлік, “Түркістан” газетінің тілшісі Дәурен Тілеухан, журналист Қайрат Кәрібаев пен Орынбек Қасымбек, ақын Раушан Мұратова мен Нұрғали Сердалиевтер мен Бауыржан ақынның «Отырар» жалпы білім беретін метебіндегі ұстаздары сөз алып, ақынның шығармашылығындағы өзіне тән ұстанымы мен әріптестері арасындағы адами келбеті жайында әңгімелеп, ізгі тілектерін айтты.

Кеш барысында ақын Бауыржан Ерманмен сұхбат жүргізіліп, алға қойған мақсаты мен өмірінің қызықты сәттері баяндалды. Осылайша тартымды да әсерлі өткен әдеби кеш ақынның сөзіне жазылған «Ардақты әке» әнімен қорытындыланды.