ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМУ КЕЗЕҢІНДЕ

Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдықөзұлының білім беру саласы басшыларымен кездесуі облыс орталығында жалғасты. Мазмұнды жиын барысында қаладағы білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы сараланып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.
Бүгінде Түркістан қаласында 249 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 87 жалпы білім беретін мектепте 59 512 оқушы білім алса, 152 мектепке дейінгі ұйымдарда 2–6 жас аралығындағы 17 776 бала тәрбиеленуде. Ал мектептен тыс 6 мекемеде 3 429 бала түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы қосымша біліммен қамтылған.
Жасөспірімдердің психологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында мектептер мен облыстық психологиялық қолдау орталығы бірлесіп 2025–2026 оқу жылдарына арналған кешенді жоспарды бекітіп, білім беру ұйымдарына ай сайын әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.
Қаладағы білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылып, облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Турникеттер мен дабыл батырмаларының үздіксіз әрі қалыпты жұмыс істеуі тұрақты бақылауда.
Оқушыларды сапалы ыстық тамақпен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қаладағы мектептерде асхана, жұмыс істеп, жалпы 17 481 оқушы ыстық тамақпен қамтылуда. Оның ішінде 1–4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балалар бар. Тамақтандыру санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға толық сәйкес, күн сайын бекітілген мәзір негізінде ұйымдастырылып, тағам сапасына тұрақты бақылау жүргізілуде. Қазіргі таңда 33 мектепте «Е-асхана» жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынған.
Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуы және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы жұмыстарды үйлестірудің маңыздылығы назарға алынды.
Жиында білім саласындағы бұрыннан қордаланған бірқатар өзекті мәселелердің оң шешімін тапқаны да атап өтілді. Атап айтқанда, мектептен тыс білім беру ұйымдарының ғимарат мәселесі толық шешіліп, барлық мекемелер талапқа сай нысандарға орналастырылды. Түркістан қаласында үш ауысымды оқыту толықтай жойылып, апатты жағдайдағы мектептер қалмады. Сондай-ақ барлық мектептер ішкі әжетханалармен қамтамасыз етіліп, сыртқы әжетханалар жабылды.
Жиынды қорытындылай келе, Ғалымжан Орынов индикаторлық және хаттамалық тапсырмалардың орындалуы басты назарда болатыны айтты. Түркістан қаласында білім беру сапасын арттыру, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді.








