ШҰБАРСУ АУЫЛЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ САПАСЫНА ТАЛАП КҮШЕЙТІЛДІ

22

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев жұмыс сапарымен Шұбарсу ауыл округіне барып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйін көрді.

Аудан басшысы алдымен Шұбарсу ауылында салынып жатқан, құрылысы аяқталуға жақын 600 орындық жаңа мектепке барды. Нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен тиянақтылығына, мерзімінде аяқталуына ерекше назар аударып, жауапты қызметкерлер мен мердігер ұйым өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, Д.Қонаев көшесіндегі тұрғындар өтінішімен орнатылған бағдаршам құрылысының жағдайы тексеріліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері пысықталды. Сапар барысында ауылдағы өзге де көшелердің санитарлық-тазалық жағдайын, бірқатар көше келбетіне нұқсан келтіріп тұрған аумақтарды ретке келтіріп, талапқа сәйкестендіру жұмыстарын жоспарға енгізді. Бұл бағытта ауыл округ әкімдігі мен тиісті сала басшыларына жұмысты жеделдету жөнінде ескерту жасалды.

Аудан әкімі бұдан кейін Шұбарсу ауылындағы «Таза су» мекемесінің ғимаратын көріп, сала басшылығына нысанның өз қызметін атқаруға қолайлылығын жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ ауыз су жүйесінің II кезеңінің жұмысын тексеріп, «Атамекен» алабындағы су жүйесінің жағдайын зерделеді. Ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі – басты назарда екенін атап өтіп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды талап етті.

Жұмыс сапарының қорытындысында Азат Оралбаев жауапты қызметкерлерге барлық нысандар бойынша жұмыстарды бақылауда ұстап, мердігерлердің белгіленген талаптарды қатаң сақтауын қадағалауды тапсырды.