ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

31
▪️Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесіп, өңірде іске қосылған және құрылысы жүріп жатқан бірқатар жаңа өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар мен ірі инвестициялық жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
▪️Түркістан облысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту көрсеткіші бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына еніп, өнеркәсіп өндірісінің көлемін тұрақты түрде арттырып келеді. Өндірісті дамыту, өңдеу өнеркәсібін кеңейту және экспортқа бағдарланған жобаларды қолдау – Мемлекет басшысының экономикалық саясаттағы негізгі басымдықтарының бірі. Ералы Тоғжанов өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалды атап өтіп, Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
▪️Жұмыс сапары барысында делегация заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа зауыттарды аралап, олардың өндірістік қуатымен, өнім түрлерімен және еңбек жағдайымен танысты. Бүгінде облыста құрылыс материалдары, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені мен машина жасау салалары бойынша жаңа кәсіпорындар іске қосылуда.
Бұл өндірістер ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да елеулі үлес қосып отыр. Түркістан облысы біртіндеп индустриялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда.
▪️Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» жобасы. Кәсіпорынның құрылтайшысы – Болгарияның UBC BG LLC компаниясы. Бұл компания Орталық Азия нарығында 25 жылдан астам уақыт бойы тоңазытқыш сауда жабдықтарын жеткізіп, кейбір өнім түрлері бойынша нарықтың 30 пайызына дейінгі үлесін иеленіп келеді. Кәсіпорын орта және төмен температуралы, кастомизацияланған тік тоңазытқыш сауда шкафтарын өндіруге маманданған. Өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына және Орталық Азия елдеріне экспортқа бағытталады.
▪️Жоба Түркістан облысының өнеркәсіптік парктері аумағында екі кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі 5 млн еуроны құрайды. Мемлекет тарапынан 10 мың шаршы метр дайын өндірістік ғимарат ұсынылған. Қазіргі таңда жабдықтарды жеткізу жұмыстары жүргізіліп, Түркістан және Кентау қалаларында кадрларды іріктеу және оқыту қолға алынған. Бірінші кезеңдегі өндірістік қуаттылық айына 4 мың данаға дейін жетеді.
▪️Екінші кезеңде инвестиция көлемі 15 млн еуроға дейін ұлғайып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт салу көзделіп отыр. Сонымен қатар Сауран ауданындағы қолданыстағы өндірістік қуаттар сақталады. Бұл кезеңде өндірістік қуат айына 10 мың данаға дейін артады. Жоба аясында бірінші кезеңде 350-ге дейін, екінші кезеңде 1 000-ға дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
▪️Инвестициялық белсенділікті арттыру және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту мақсатында Түркістан облысында «Өндірістік парктердің құрылысы» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның айқын дәлелі – 100 гектар аумақта орналасқан ірі өндірістік парк. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Жалпы жеке инвестиция көлемі 308 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 27 млрд теңгеге импорт алмастыру көзделіп отыр. Яғни бюджеттен салынған әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тартылуда. Бұл – жобаның экономикалық тиімділігін айқын көрсететін көрсеткіш.
▪️Өндірістік парк толық іске қосылған кезде 6 040 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезеңде 30 гектар аумақта 40 өндірістік ғимарат салынды, бүгінде 32 жоба іске асырылып, ауыл шаруашылығы техникасы, суару жүйелері, құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техника және дрон өндірісі жолға қойылған. Екінші кезеңде 2025–2026 жылдары қосымша 70 гектар аумақта 112 өндірістік ғимарат салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда дайын өндірістік алаңдарға кәсіпкерлер тарапынан жоғары сұраныс байқалуда.