ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ АКВАПАРК КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі – заманауи аквапарк кешенінің құрылысы басталды. Жоба облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен шетелдік инвесторлар арасындағы келіссөздер нәтижесінде жүзеге асуда.
Түркістан қаласында бой көтеретін демалыс кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Жоба аясында су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы мен банкет залын салу жоспарланған. Кешен отбасылық демалысты дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Аквапарктың басты ерекшелігі – жыл мезгіліне бейімделетін инфрақұрылым. Жаз айларында су айдыны ретінде пайдаланылатын аумақ қыс мезгілінде картинг алаңына айналады деп күтіліп отыр. Осылайша нысан жыл бойы келушілерге қызмет көрсетеді деген сенім бар. Сонымен қатар мұнда биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракциондар, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және балаларға арналған интерактивті ойын аймақтары қарастырылған.
Жаңа туристік кешеннің құрылысы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайды. Жоба Түркістан өңірімен қатар, еліміздің өзге аймақтары мен шетелден келетін туристерге де қолайлы демалыс орны болмақ.
Айта кетейік, Түркістан облысы инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі жобаларды жүзеге асыру қарқыны артып отыр.








