ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ «YDA HOLDING» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ХУСЕЙН АРСЛАНМЕН КЕЗДЕСТІ

24

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түркиялық «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесу өткізді. Басқосуда Түркістанда салынған 570 орындық заманауи аурухананың құрылысын толық аяқтау, өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Түркістанды дамытуға Түркия тарапынан тартылған инвестициялар мен бірлескен жобалар да елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда ғана Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткізілді. Мәртебелі меймандар Түркістанның дамуын, іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Түркістан – түркі әлемі елдерін біріктіруші алтын көпірге айналып отыр. Бұл ретте «YDA Holding» компаниясы қысқа уақытта халықаралық әуежайды салып беріп, сол әуежай арқылы 5 мемлекеттің басшысы тарихи шаһарымызға келгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда сіздердің компанияларыңызбен бірлесіп, 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өндіріске инвестиция салуға шақырамын. Әріптестікті жалғастыруға дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымдық жобалар мен туризм саласын дамыту бағыттарына тоқталды.

Облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Хусейн Арслан Түркістан өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен бастамаларды қолдауға ниетті екенін білдірді.

– Сіздерді халықаралық саммитті жоғары деңгейде өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Түркістан өз тарихи миссиясын атқарып жатыр. Мен Түркістанның ескі кезін де, қазіргі жаңа кейпін де көргенмін. Шаһардың дамуы ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз. Түркістандағы 570 орындық аурухананы осы жылдың соңына дейін тапсыруды көздеп отырмыз. Өте жоғары деңгейдегі емдеу мекемесі болады деп сенемін, – деді ол.

Айта кетейік, Түркістандағы көпбейінді аурухана құрылысына 15,6 га жер телімі бөлініп, 2020 жылдың мамыр айында республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 86%-ға аяқталған. Аталған жобаны сатып алу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасында келісім жасалған. Заманауи аурухана ашылған соң өңір медицинасын дамытуға оң серпін береді деп күтіліп отыр.