ТҮРКІСТАН МЕН ОРАЛДАҒЫ “ДОСТЫҚ ҮЙІ” АРАСЫНДА РУХАНИ БАУЫРЛАСТЫҚ БАР…

Түркістан мен Орал қаласындағы “Достық үйі” арасында бауырластық бар. Екі өңірдегі ынтымақтастықты дамытып, этносаралық қарым-қатынасын нығайтуда Түркістан Облысы Қоғамдық Келісім мекемесі мен Батыс Қазақстан облыстық “Қоғамдық келісім” мекемесі еселі еңбек етуде. Аймақтар арасында өзара әріптестік байланыстың нышаны ретінде бүгін “жол-жөнекей” Оралдағы “Достық” үйінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Оралдағы ҚХА жанындағы түрлі құрылымдар мен этномәдени бірлестік мүшелері қоныстанған құтты шаңырағындағы шығармашылық ортаны көрдік. Нағыз достық шаңырағы. Дидарласу сәтінде Батыстық әріптестерімізге Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген “Түркістан: Татулықтың темірқазығы, тарихи төрі” атты ақпараттық-танымдық кітабты тарту еттік. Отансүйгіштік рухты оятатын, танымдық-тағылымдық кітапты қуана қабыл алған Батыс Қазақстан облыстық “Қоғамдық келісім” мекемесі басшысының орынбасары Айша Уәлиқызымен естелік суретке түстік. Ол, Түркістан облысы “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Эльмира Ұласбекқызы басқаратын ұжымдас әріптестерінің өнегелі істеріне табыс тілеп, достық көңіліне ризалық пейіл білдірді. Сондай-ақ, олар соңғы жылдары Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынына сүйсінетінін айтты. Маусым айында Түркістан облысында өтетін Республикалық “Бірлік” жастар лагері ойындарына қатысуға Батыс өңірінен жастарының бел шешіп дайындалып жатқандығын жеткізді. Екі аймақ арасындағы достық нығайып, рухани бауырластық арта бергей!
Ерсұлтан Әмірбек
Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы














