БАТЫРЛЫҚ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ⁣⁣⠀

94

Ел тарихының ең қастерлі беттері Отан үшін от кешкен батырлардың ерлігімен жазылған. Бейбіт күннің бағасын ұғындыратын осындай тағылымды сәттер ұрпақ санасында жаңғырып, отансүйгіштік рухты нығайта түседі. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Батырлық – елге мұра» атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.⁣⁣⠀
№2 Оқушылар сарайының алдыңғы алаңында өткен шара Ұлы Жеңістің 81 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, тарихи жадыны жаңғырту және ел қорғаған батырлардың ерлігін ұлықтау.⁣⁣⠀
Мерекелік бағдарлама салтанатты саптық шерумен басталды. Шеруге №2 Оқушылар сарайының «Жас барабаншылар» үйірмесінің тәрбиеленушілері, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қарасты Сабыр Рахимов атындағы әскери колледжі ұландары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы тыңдаушылары және 36814 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.⁣⁣⠀
Сап түзеген сарбаздардың нық қадамы мен тәртібі ел сүйсіндірді. Бұл көрініс ел қорғандарының айбынын айқындап, жас ұрпаққа үлгі болды. Арнайы шақырылған құрметті қонақтар сөз сөйлеп, батырлар ерлігінің маңызын атап өтті. Олар бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін айтып, ел тыныштығын сақтау әр азаматтың парызы екенін жеткізді.⁣⁣⠀
Іс-шара аясында патриоттық әндер мен би қойылымдары ұсынылып, әскери-патриоттық көріністер көрсетілді. Сонымен қатар, қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қару қолдану тәсілдері таныстырылды. Келушілер үшін әскери киім үлгілері мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылған. ⁣⁣⠀
«Батырлық – елге мұра» атты бұл іс-шара ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтап, бейбіт өмірдің қадірін дәріптеген тағылымды алаңға айналды. Мұндай мазмұнды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.⁣⁣⠀

Қазақ халқының тарихында ел мен жерді қорғаған ержүрек азаматтар аз емес. Жауға қарсы аттанып, халықтың азаттығы мен бірлігі үшін күрескен батырлар ұрпақ жадында сақталып келеді. Олардың ерлігі – елдікті, намысты және туған жерге деген адалдықты дәріптейтін құндылық.

Батырлық тек майдан даласында ғана көрінбейді. Бүгінгі таңда Отан алдындағы міндетін адал атқарып жүрген әскери қызметшілер де ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Қоғам тыныштығын қорғау, халыққа қызмет ету, қиын жағдайда жауапкершілік таныту – нағыз азаматқа тән қасиет.

Жас ұрпақ батырлардың өмір жолы мен ерлігін білуі керек. Өйткені өткенін құрметтеген ұрпақ елінің қадірін түсінеді. Батырлардың есімін ұлықтау, олардың ерлігін кейінгі буынға жеткізу – баршамызға жүктелген аманат.

Бүгінгі бейбіт өмір – ата-бабаларымыздың ерлігі мен төзімінің жемісі. Сондықтан Отанды сүю, туған жерді қорғау, елге адал қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы.