«Домалақ ана» операсы Нұр-Сұлтанда аншлагпен өтті

355

Шымкент қалалық опера және балет театрының ұжымы Елордадан гастрольдік сапардан оралды. Өнерпаздарды қалалық әуежайдан Ханзада Есенова бастаған мәдениет басқармасының қызметкерлері күтіп алып, қошемет көрсетті.

Театр жетекшілерінің айтуынша, бас қаладағы сапар жемісті өткен.

— Астана опера театрындағы қойылымымыз керемет өтті. Елордалықтар қонақжайлылық танытты. Қала тұрғындары мен қонақтары, Үкімет мүшелері мен басқа да лауазымды тұлғалар операны тамашалап, жақсы бағалады. Ал Астана театрының ұжымы бізге асқан қошемет көрсетіп, «Домалақ ана» операсын сахналауға, дайындыққа көмектесті. Біздің театр мұндай жоғары дәрежелі гастрольге алғаш рет шығып отыр, жауапкершілігі жоғары миссияны ойдағыдай орындадық деген сенімдеміз, – деді Шымкент опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы.

Өнер иесінің айтуынша, шымкенттік ұжымды қойылымнан кейін Қазақстанның өзге өңірлерінен келген әріптестері қонаққа шақырды. Ал қыркүйек айының ортасында үшінші мегаполисте театрдың маусымашар салтанаты өтпек.