ЖЕР СІЛКІНІСІ – ТАБИҒИ АПАТТАРДЫҢ БІРІ

Жер сілкінісі – табиғи апаттардың бірі. Ол кенеттен болатындықтан, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету және сабыр сақтау төтенше жағдайдың салдарын азайтуға көмектеседі.
Егер ғимараттың ішінде болсаңыз, дүрбелеңге түспей, қауіпсіз жерді паналаңыз. Терезелерден, әйнектерден, ауыр жиһаздардан және құлауы мүмкін заттардан алыс болыңыз.
Ең тиімді әрекеттердің бірі – «ЖАТ – ЖАСЫРЫН – ҰСТАН» қағидасын орындау:
- ЖАТ – жерге еңкейіп немесе отырыңыз;
- ЖАСЫРЫН – берік үстелдің немесе басқа қауіпсіз қалқанның астына жасырыныңыз;
- ҰСТАН – паналаған орныңызды ұстап, жер сілкінісі тоқтағанша сол жерде болыңыз.
Жер сілкінісі кезінде ғимараттан бірден жүгіріп шығуға болмайды. Себебі сыртқа шығу кезінде ғимараттан құлаған әйнек, кірпіш немесе басқа заттар жарақаттауы мүмкін. Сондай-ақ лифтіні пайдалануға болмайды.
Егер далада болсаңыз, ғимараттардан, электр желілерінен, ағаштардан және басқа да құлауы мүмкін нысандардан алыс, ашық жерге барыңыз.
Егер көлікте келе жатсаңыз, көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, ғимараттардан, көпірлерден және электр бағандарынан алыс болған жөн. Жер сілкінісі аяқталғанша көліктің ішінде қалған қауіпсіз.
Жер сілкінісі тоқтағаннан кейін өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың жағдайын тексеріңіз. Зардап шеккендер болса, мүмкіндігінше алғашқы көмек көрсетіңіз.
Газдың иісі сезілсе, ашық отты пайдаланбаңыз және электр құралдарын қоспаңыз. Қауіпсіз жерге шығып, тиісті авариялық қызметтерге хабарлаңыз.
Қайтадан жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескеріп, ғимаратқа мамандардың рұқсатынсыз кірмеген дұрыс. Ресми ақпаратты тыңдап, құтқарушылардың нұсқауларын орындау қажет.
Жер сілкінісі кезінде ең маңыздысы – сабыр сақтау және дұрыс әрекет ету. Қауіпсіздік ережелерін алдын ала білу адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Әрбір азамат төтенше жағдай кезінде өзін ғана емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін де ойлауы керек.
Есте сақтаңыз: 112 – бірыңғай жедел қызмет нөмірі.








