НҰРСӘТ ШАҒЫНАУДАНЫНДА БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯ ОРНАТУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

1

Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында №198 және №199 тұрғын үйлердің тұрғындарымен қала әкімдігі мен Kcell ұялы байланыс операторы өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесу барысында ұялы байланыс сапасы мен интернетке қолжетімділікті жақсарту үшін орнатылатын жаңа базалық станцияға қатысты мәселелер талқыланды.

Кездесуге техникалық құжаттамалар мен санитарлық талаптар жөнінде толық ақпарат беруге дайын сала мамандары қатысты. Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев қалалық инфрақұрылымды дамытуда ашық диалогтың маңызды екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда Қаратау ауданындағы Нұрсәт шағынауаны тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізде барлық қажетті құжаттар бар. Мамандар тұрғындарға жабдықтың қауіпсіздігі туралы түсіндіру үшін осындай кездесулерге тұрақты түрде қатысады. Тұрғындардың арасында жағдайды түсінетіндер де, күмәнмен қарайтындар да бар. Алайда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен Ұлттық сараптама орталығының ресми қорытындылары бар. Белгіленген норма бойынша электромагниттік сәулеленудің шекті деңгейі – 0,5 бірлік, ал қауіпті деңгей 10 бірліктен жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Біз осы ақпаратты тұрғындарға жеткізу үшін арнайы мамандармен келдік. Заңға сәйкес қаланың инфрақұрылымын дамытуға міндеттіміз. Көпшілік базалық станцияларды зиян деп есептейді, алайда күнделікті қолданып жүрген ұялы телефондардың сәулеленуі бұдан әлдеқайда жоғары, – деді Ернұр Қырғызбаев.

Оның айтуынша, жаңа жабдықты орнату тұрғындардың мүддесін көздейді.

– Kcell операторының базалық станциясын орнатудағы мақсатымыз – тұрғындарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету. Әсіресе бесінші және алтыншы қабаттарда байланыс сапасы төмен болады. Жаңа станция жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Нысан барлық қауіпсіздік талаптарына сай тексеруден өткен. Оның биіктігі шамамен 25 метрді құрайды және үш шақырымға дейінгі аумақты қамтып, тек осы үйлерді ғана емес, бүкіл шағынауданды сапалы байланыспен қамтамасыз етеді, – деді ол.

Кездесу барысында мегаполистегі телекоммуникациялық желіні дамыту жұмыстары туралы да айтылды.

– Биыл қалада шамамен 33 базалық станция орнатылды. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 130-ға жуықтады. Бүгінде интернет су секілді күнделікті қажеттілікке айналды. Ол – ақпарат пен байланысқа қол жеткізудің негізгі құралы. Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен әкімдік мамандарының қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты деректер мен ғылыми негіздер арқылы инфрақұрылымды дамыту тұрғындардың жайлы өмір сүруінің кепілі екенін түсіндіреміз, – деп қорытындылады Ернұр Қырғызбаев.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан толық әрі білікті жауап алды.