Қажымұқан ауылы

496

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan». Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, мына сайын сахара әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз Тәуке мен хан Абылай, Кенесары мен Абай бастаған ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Бүгінгі ұрпақ осынау тұлғаларды мақтан тұтуы тиіс.

Міне, ұлтымыздың осындай ұлы тұлғаларының есімімен аталатын ауылдардың бірі – Ордабасы ауданындағы тоқсан жылдық тарихы бар Қажымұқан ауылы.

Қажымұқан ауылы 1928 жылы №8 ауыл, 1930 жылы Ленин, 1934–37 жылдары Ленин туы ауылы деп аталған. Ал, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1995 жылы Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен ауылға Зерделі деген атау берілген. Сол Зерделі 2001 жылдан бері палуан бабамыз Қажымұқанның атымен аталады. Ауылдың солтүстік батысындағы көпшілік қорымда қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен зайыбы Мінәйімнің, ұлдары Айдархан мен Жанәбілдің сүйегі жатыр. Бұл жөнінде 2008 жылы жарық көрген «Ордабасы» энциклопедиясында жазылған.

Осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Қыдырбай Жұмаділұлының айтуынша, 1928 жылы Түркістан Республикасынан Шымкент қаласы өз алдына бөлінгенде Шымкент қалалық уездік атқару комитетінің төрағасы Елемес Жәрменов ауылдың жобасын қала типтес етіп сыздыртқан. Е.Жәрменов Найманарық су арнасының теріскейінде, Арыс өзенінің күнгей бетіндегі Бөгежілі шатқалында, Темірланның маңындағы Жантақсайда орналасқан ауылдардың адамдарын осы маңға қоныстандырған. Ал, №8 ауыл деген атаудың тарихына келсек, бұрын бұл ауылдың төңірегінде «бірінші ауыл», «екінші ауыл» деген секілді рет-ретімен орналасқан елді мекендер болған.

1930 жылы мұнда ауыл шаруашылығы артелі құрылып, 1934–1937 жылдары ұжымшар КСРО көлемінде қатарынан үш жыл «миллионер ауыл» атанды. Осыған орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туы түбегейлі сақталуға беріліп, ауылдың аты Ленин туы деп өзгертілді. «1995 жылы ақын Нармахан Бегалыұлының бастамасымен ауыл Зерделі атанды. 2001 жылы ҚР Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбай Елібаев күш атасы Қажымұқанның атын берейік деп ұсыныс айтқанда көпшілік болып қостай кеттік» дейді қария.

Ұзақ жылдар бойы осы ауылда мұғалім, мектеп директоры болып қызмет атқарған Қыдырбай ақсақал зейнетке шыққалы ауылдың арғы-бергі тарихын түгендеу үшін жиі архив ақтарады, кітапханаға барады.

– Облыстық архивтен алған құжат бойынша Темірлан мен Шұбар ауылының картасы 1882 жылы сызылған. Ал, Найманарық су арнасы 1927 жылы қазылған. Найманарықтан бұрын мұнда Бозарық деген арық болған екен. Сол Бозарықтың теріскей бетінде Шегірткеор деген ор бар. Ендеше, қазіргі қоныста бұрын ауыл болмаған. Тұрғындар Найманарықтың теріскейі мен Арыс өзенінің күнгейін мекендеген. Орталығына егін еккен, – дейді қария.

Темірлан ауылынан бес шақырым жердегі Қажымұқан ауылында бүгінде күнделікті қоңырқай тірлігімен күн кешіп жатқан мың жеті жүзге жуық тұрғын бар. Бұл ауылдан Шымкент оязының және Қырғызстан Республикасы астық өнімдерін дайындау комитетінің төрағасы қызметін атқарған Елемес Жәрменов, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Дәріпбек Әбдірайымов, Кеңес Одағының

Батыры Сыдық Ысмайылов, партия қызметкері Наймантай Арынбеков секілді есімдері елге белгілі адамдар шыққан.