ОТБАСЫ МЕН САЛТ-ДӘСТҮР — ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
«ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ТҰҒЫРЫ» атты қағидаттар жиынтығында «Отбасы мен салт-дәстүр қоғамның алтын діңгегі» тақырыбын таңдауымда терең мән жатыр деп білемін.
Біз, Қазақстан халқы батырлар мен хандар билік құрған қазақ жерімізде егеменді мемлекетімізді құрып, тәуелсіздігіміздің көк туын желбіретіп келеміз. Ата Заңымыздың айқын жолымен жүріп, бір мақсат, бір мүдде жолында азаматтық орнықты қоғам құрудамыз. Еліміздің түбегейлі принциптерінің бірі — қоғамдық татулық, отандық патриотизм.
Осы ретте «Отан — отбасынан басталады» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады. Біз отбасы атты шағын мемлекетімізде бала тәрбиелеп, оған сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, Отанымызды жанымыздай сүюге, ел болашағының баянды болуына жан-жақты үлес қосуымыз қажет.
Жалпы, отбасының өзіндік қағидаларымен қоғамда алар орны ерекше. Олай дейтініміз, азаматтық қоғамның бір бөлшегі болып саналатын отбасы- барлық тәрбиенің ошағы. «Ел боламын десең — бесігіңді түзе» деп қазақ даналары бекер айтпаған. Неғұрлым отбасында адам рухани тазалыққа, тәртіптілікке тәрбиеленсе, соғұрлым мемлекет ісін жүзеге асыруда мұқияттылық қалыптасып, оның қоғамдық ортада абыройлы да беделді өз орны болмақ. Қоғамымызда белсенді құқықтық тәртіпке сай мінез-құлықты азаматтар саны басым болса, ол мемлекетіміздің нығайып, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосатыны сөзсіз. Ал, керісінше енжар мінез-құлықты адамдардың көбеюі, ол салақтыққа, немқұрайдылыққа әкеліп, тәртіпсіздікке, тіпті құқықбұзушылыққа апарып соқтыруы мүмкін. Осы мәселердің алдын-алу, өз елімізді әлемдік аренада өзіндік беделі болуын қазірден бастап қолға алғанымыз абзал.
Қағидаттар жиынтығына тоқталсақ, Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегін Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталатындығын жеткізген.
«Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт.
Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай. Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек.Сонда ғана саналы ұрпақ тәрбиелейміз» делінген.
Қоғамымыздың алтын діңгегі -ұлттық тәрбие берерлік асыл қазынаға бай. Біздің міндетіміз — елім дейтін азаматқа осы бір таусылмас халықтық қазынаны үлестіре білу, отбасы құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету.
Инара Намазбаева,
Түркістан облысы мәслихатының депутаты.