ЭПИДЕМИЯҒА ҮШ СЦЕНАРИЙ БОЙЫНША ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРУДЕ

466

Шымкент қаласында жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған 5 745 науқас анықталды. Емделіп шыққандарының саны – 627. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
– Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 168 жағдайы тіркелді. Оның ішінде симптомды – 96, симптомсыз – 72 және пневмонияға шалдыққан 4 адам бар. Бүгінгі таңда 5 093 науқас емделуде, оның ішінде 348 адам – стационарда, 4 745 адам үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Ал вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 8812 адам анықталды, – дейді спикер.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, пандемияның ықтимал толқынына қатысты үш сценариймен дайындық жүруде. А (ағымдағы жағдай) – 863 төсек-орын; В –эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын саны 2 683-ке дейін артады. С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 3 513 төсек-орын ашылады. Қазіргі таңда Шымкентте 886 төсек-орын әзір. Толымдылығы 39 пайызды құрайды.
Жалпы, үшінші мегаполис үш сценарийге де дайын, деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Нурлан Бектаев