Ерсұлтан Әмірбек: ЖЕҢІСТІҢ “ЖАЙЛАУ-КӨЛІ”

430

Қазақ журналистикасаның қара нарына айналған қабырғалы қаламгер-журналист Жеңіс Баhадүр ағамыздан қапы да көз жазып қалғанға да жыл өтіпті-ау! “Үлкен құрметі, кішіге ізеті” басым байсалды жан еді марқұм Жеңіс ағам. Ол, қабырғалы қаламгерлердің тәрбиесін көрді, Қара шаңырақ “Оңтүстік Қазақстан” газеті мен “Оңтүстік” телеарнасы, “Шымкент келбеті” газеті сияқты ақпараттың өмір мектебінен нәр алды. Дінмұхаммед Қонаевпен дидарласып, тарихи сұхбат жүргізген Жеңіс ағамның сол бір телетуындысы қазақ телевизиясының “Алтын қорында” мәңгілік мұра боп сақталып қалды.
Кейінгі жас буын бір шоғыр журналистерге ұстамды ұстаз да болды. Өзім секілді 90-шы жылдардың орта тұсында телевизияға қадам басқан “ОҚТ-ШТВ” телеарнасының бір топ жас толқын тілшілеріне тілекші де, тірекші де бола білді. Телевизияның “әліппесін” үйретті, оның шеберханасында шыңдалуымызға айрықша атсалысты. Телевизияның қыр-сырына үйретті, тәлім-тәрбие берді. Оңтүстік журналистикасының атасы, ардақты ұстазымыз Байдулла Қонысбектен бастап, орынбасарлары Болат Бәйменов, Қожабек Жақсыбаев секілді замандас ағаларымен сырлас-сыйласа жүріп, біздерге ағалық жол нұсқады. Ұстамды ұстаз, байсалды басшы болды. Мен өзім Жеңіс ағаммен қалай таныстым? Соны айтайын…. ең алғаш жүздесуім 1996 жылдың қара күзінде Алматы қаласында болды. Балапан Базар ағамның шығармашылық кешін өткізді. Сол кезде кездестік. Кештен соң қонақ үйде Жеңіс ағаммен жақынырақ жүздескен сол бір “Жайлау-көл” сәттер (Ағабек Қазанбай, Нұрлан Нұрбек, шопыр Жайлау бірге болды) еш ұмтылмақ емес. Жеңіс ағамның “Жайлау-көлінен” су ішкен бір мен ғана емес. Талай журналист сол Жеңіс ағамның “Жайлау-көлін” көріп өстік. Әсіресе, жұмысқа келмей немесе көп кешігетін бес дос болдық телеарнада. Қанат Салуақасов(марқұм), Серік Әбдуәлі, Қайсар Шерім, Нұрмахан Мұсатов және мені қосқанда қосарланып жүретін бес баласы болдық. Кейін несін айтасың, бозбала біздердің қатарымызға телеарнаның бойжеткен “тентектері” Айгүл Қапбарова, Малика Абдалиева, Гүлжан Пернебекова, Ұлбосын Есдәулетова сияқты аруларын ертіп Жеңіс ағамның “Жайлау-көлін” жағалап кететінді жиілеттік. Айыбымызды айтып, ақталу үшін Жеңіс Баhадүр ағамыздың алдында кешірім сұрайтынбыз. Қалай?..
“Жеңіс аға, бізді кешіріңіз, кеше кешкісін “Жайлау-көліңізге” жайылып кетіппіз..” дейтінбіз… Марқұм Жеңіс ағамыздың кеңдігі шығар, кешірімшіл еді. Күлетін де қоятын. “Шығармашылық адамсыңдар ғой””-деп, жан-дүниемізді жиі түсінетіндей жаны ізгі еді-ау жарықтық! Ең алғаш мені “Оңтүстік” телеарнасына журналист етіп жұмысқа шақыртып, телеарна директоры Байдулла Қонысбек ағамның аталық ақ батасын әперуге сол Алматыдағы Жеңіс ағаммен арқа-жарқа сәттерім себепші болғанын қалай ғана ұмытайын. “Жақсыдан-шарапат” деген. “ОҚТ -ШТВ” телеарнасына тәй-тәй басқанымызда біздерге ақылшы журналист-режиссер Дүйсен Шегебаев, Насыр Әуезов, Арыстан Отарбаев, Сембек Ералиев, Сәкен Есмырзаев, Өтеулі Тастанбек, Нартай Серкебай, Ілияс Жолдас, Гүлсара Қуанышбаева, Владимир Гукайло, Уәлихан Әмірұлы секілді өмірлік тәжірибесі бар аға буын журналистерді йналасына шоғырландыра білді. Телеарнаның жас буын журналистері Жанар Қуанвшбаева, Қанат Сәдуақасов (марқұм), Айгүл Қаппарова, Асан Келесбай, Малика Абдалиева, Гүлжан Пернебекова, Қанат Жүнісбеков, Клара Дүнісбекова, Қалдыкүл Дәуренбекова тағы басқа бір топ жас шәкірттерге арқа сүйенер ақылшы ағамыз болды. Ағабек Қазанбай, Талғат Елеубек, Нуридулла Битабаров, Нұржан Бектаев, Қайсар Шерім сияқты телеоператорларға да ақылшы аға болды. Жастық шақтағы біздердің “кей-кейдегі “ бала мінез “тентектігімізге де” төзіммен қарап,еркетотай “еркелігімізге” көзжұма қарады. “Шығармашылық адамы ғой” деп, Байдулла Қонысбек ағамыздың қақарлы мінезінен қорғап, қалқан болатыны бартын. Жақсы аға, жақсы ұстаз еді. Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкент қалалық филиалының директоры қызметін енді тізгіндеп, едәуір жоспарларды жүзеге асырмақ ақ арманы бар еді. Бауыр еті баласы Балабиінен ерте айрылып қалды. Сол Балаби ініміз Каратэге қатысты. Каратэден жарысқа барғанда сол спорттық шарадан Қанат Садуақасов екеуміз екі тілде репортаж беруші едік. Балаби чемпион болып, жеңіске жеткенде үйіне қуана құтты болсын айтып барушы едік. Ондай да Бикен жеңгеміз екеуі желпініп қалушы еді. Беу, дүние-ай! Мұның бәрі енді естелік сарында ғана айталытыны өте өкінішті. Алла отбасына, ұрпағына өмір берсін! Жеңіс аға бақұл болыңыз! Жылдық асы берілмек. Қайғы жұтып, ауыртпалықты мойнына көтеріп қалған аяулы жары Бикен жеңгемізбен Баhадүр әулеті көзкөргендерді марқұм Жеңіс Баhадүр ағаиыздың рухына арналған дұға ішінде болуға шақырады.
Ардақты ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаран, жора-жолдас, ұжымдастар!
Сіздерді ардақты әкеміз ЖЕҢІС БАҺАДҮРҰЛЫНЫҢ жылдық асына шақырамыз.
Құран ішінде болыңыздар.
Ас 12 мамыр күні сағат 12-00де «Шымкент-Холл» сарайында өтеді.
Қонақасы 11 күні кешке өз шаңырағында.
Мекенжайы: Нұрсәт м/ауданы-1, 156үй, 6 пәтер.
Асқа шақырушы: Жары, балалары. Баhадүр әулеті