ШЫМКЕНТ: МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ БІРҚАТАР ШЕКТЕУЛЕР ҚОЙЫЛАДЫ

975

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш қалалық білім басқарамасының 2021-2022 оқу жылын аяқтауы туралы брифинг берді.
Брифингте Рыскелді Салхутдинұлы биыл қала бойынша 11-сыныпты бітіруші оқушылар саны — 11 189 болса, оның ішінде 453 түлек «Алтын белгіге» үміткер екендігін айтты. Ал 20 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқандығын жеткізді.

«Биыл «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты тақырыпта барлық білім ұйымдарында 25 мамырда соңғы қоңырау соғылады. Мерекелік іс-шара өткізуде бітіруші түлектерге аниматорлар, мерекелік агенттіктер, жеке студияларды тартуға, мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге, салтанатты дастархан ұйымдастыруға, прокатқа машина алу арқылы қала ішінде экскурсия өткізуге шектеулер қойылып, әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтарға ақшалай қаражат жинауға, мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да көңіл көтеретін орындарда өткізуге жол берілмейді.
Ал, 9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2022 жылғы 28 мамыр – 6 маусым аралығында төрт пән бойынша (Ана тілі, Математика, Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері),
11 (12) сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2022 жылғы 27 мамырдан бастап 10 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді (Математика, Ана тілі, Қазақстан тарихы, Қазақ тілі және әдебиеті (орыс, өзбек)).
Өткен жылдарға қарағанда «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қорытынды аттестаттау ағымдағы жылдан бастап ауызша емтихан нысанында (билеттер бойынша), қалғандары – жазбаша емтихан нысанында өткізіледі», — деді спикер.

Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында 26 мамыр – 17 маусым аралығында жазғы мектеп жұмысы ұйымдастырлып, жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілетін болады.

Шымкент қаласының Ақпарттық-коммуникациялық орталығы