ШЫМКЕНТТЕ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ 103-КЕ ЖЕТТІ

998

Шымкентте соңғы он күндікте коронавирусты инфекциямен науқастану көрсеткіші артып отыр. Ағымдағы жылдың 14 шілдесінде COVID-19  инфекциясымен 103 жағдай тіркелді. Ауырғандардың көбі – ересектер. 18 жасқа дейінгі балалар арасында 25 жағдай анықталған. Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды.

Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда COVID-19 жағдайы 3,4 есе жоғары тіркелді.  Аурушаңдықтың тіркелуі жазғы кезеңде шетелге демалысқа барып келу, шетел азаматтарының миграциялануы және көп шоғырлануға байланысты.

Коронавирусты инфекциямен ауырғандар профилактикалық тексеру кезінде және науқастар өз бетімен медициналық көмекке жүгінген кезде анықталуда. Коронавирусты инфекцияның симптомды түрімен ауырғандар емдеу хаттамасына сәйкес ем алады, ал симптомсыз түрімен ауырғандар 10 күн медициналық бақылауда болады.

Еліміздегі статистикалық мәліметтерден коронавирусты инфекцияның қайта күш алғаны байқалады. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарымен ошақтарда эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, аурудың алдын алу бойынша іс-шаралар және санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынуда. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тұрғындарын мүмкіндігінше адам көп шоғырланған жерлерге бармауға, қоғамдық орындарда бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға  және  сақтық шараларын барынша күшейту қажеттігін ЕСКЕРТЕДІ.

Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз немесе науқастанып қалған жағдайда, аурудың таралуын болдырмау үшін көпшілік орындарға  бармай, үйде қалып, дәрігерді үйге шақыру керек. Осы орайда, індеттің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екендігін атап өту керек. Дер кезінде алынған вакцина – дерттің таралып кетпеуіне бірден-бір себеп. Алайда, белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сондықтан уақтылы қайта екпе алу маңызды.

Шымкент қаласында вакцинациялау, ревакцинациялау және қайта ревакцинациялау Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген «QazVac», «Vero Cell», «Комирнати» (Phizer, АҚШ) вакциналарымен жүргізілуде. «Комирнати» (Phizer, АҚШ) вакцинасы 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге (жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін) және лактация кезеңіндегі әйелдерге (босанғаннан 42 күннен кейін бала 2 жасқа толғанға дейін) жүргізіледі.

Вакцинациялауды жүргізуге алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен, ерікті түрде және ТЕГІН жүргізіледі.

Қаладағы егу пунктерінде вакциналардың сақталуы, тасымалдануы, қолданылуы «Суықтық тізбегін» сақтай отырып санитариялық талаптарға сай жүргізілуде. Егуді арнайы оқытылып, рұқсат алған медициналық қызметкерлер жүргізеді.

Шымкент қаласында өткен тәулікте 102 адам екпе алды. Егу науқаны басталғалы барлығы 603309 адам вакцинацияланған. 354606 адам ревакцинациядан өтті. Екпе алып, індеттен аман қалу мүмкіндігі әр адамда бар. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін вакцинация алу қажет!