САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТАССАЙ БӨЛІМШЕСІ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛДЫ ЖӘНЕ 276-ОРАМҒА САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ БЕРІЛДІ

502

2800-ден астам тұрғыны бар Тассайда көптен күткен қуаныш! 300-ге жуық үй табиғи газбен қамтылды.

Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінде табиғи газ                                         жүйелерінің құрылысы 2019 жылы толық аяқталған болатын. Газ  құбырының ұзындығы –7,507 км. Бұған дейін абоненттеу жұмыстары жүргізіліп, бүгін құжаттары дайын болған үйлерге газ қосылды.

Игі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Мұратәлі Қалмұратов пен қоғам белсенділері қатысты.

«Көріп тұрмыз, жолдар жөнделіп, лоток қойылыпты. Таза су да кірген екен, енді міне көгілдір отынға қол жетіп отыр. Қандай керемет! Шымкентіміз күннен күнге шырайланып, шалғай жатқан елді мекендердің сәні кіре бастаған. Игі істің артында қаншама еңбек жатыр. Пайдалануға берілген әрбір нысан игіліктеріңізге жарасын!»-деді халық қалаулылары. Өз кезегінде жергілікті халық та билік өкілдеріне алғысын жаудырды.

Жалпы Қаратау ауданына қарасты Тассай шағын ауданы ауыз сумен, мемлекеттік жүйедегі электр жарығымен толық қамтылған.

Бұдан бөлек, осы жылы Мұңайтпасов 1,2 көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 2,5 шақырым, ені 6 метрді құрайтын 2 көшеге асфальтбетон қабаты төселді. Сонымен қатар аяқжол салынып, жол жиегіне суағарлар орнатылды.

276-ОРАМҒА САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ БЕРІЛДІ

Шымкенттегі Сәуле шағын ауданы, 276-орам тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталып, жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып келген тұрғындар мәселесі шешімін тапты.  Енді олар 1 кВт электр энергиясы үшін бұрынғыдай 28 тг емес, 16 тг төлейтін болады.

Мұнда 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туды.

Осындай ізгі іске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев пен Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері куә болды. Ал, халық жүрекжарды лебіздерін жолдап, алғыс айтты.

Жалпы 276-орамды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды. Өткен жылы ауыз су құбырларын тарту аяқталған. Ал биыл табиғи газ жеткізуде 28 шақырымдық құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.