ШЫМКЕНТ КІЛЕМДЕРІ ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ

238

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Bal Tekstil кілем фабрикасы еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласы көшбасшыларының бірі. 2013 жылы іске қосылған кәсіпорын жылдан жылға өндіріс көлемін ұлғайтып келеді. Кілем тоқу өндірісіндегі жаңа қадам – кәсіпорын өзінің 4-ші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттырмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, тоқыма станоктары орнатылуда.

Жаңа станоктар Бельгиядан әкелінді

Жаңа жобаның құрылыс жұмыстары 2021 жылы бірінші тоқсанда басталды. Жауапты мердігер «Қуан» ЖШС құрылысты тиісті мерзімде аяқтады. Құны 2,5 млрд теңге болатын жоба жылына 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болса, өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Өнімді сыртқы нарыққа – Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта техникалар толықтырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 800 млн теңге қаражат кетсе, жаңа станоктар 1,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Кәспорынның өндіріс басшысы Нұрғали Тоқсанбайдың айтуынша, жоспар бойынша 15 станок алынуы тиіс. Қазіргі таңда Бельгиядан 2 тоқыма станогы әкелініп, орнатылды. Жоғары технологиялы станоктар қыркүйек айында іске қосылып, жұмысын бастайды. Монтаж жұмыстары аяқталуға таяды.
Тоқыма станокторын шығаруда әлемде Германия және Бельгия көшбасшы елдер. Бельгияның Van De Wielle станоктарын әлемнің көптеген елдері тұтынады. Ендігі ретте «Бал текстиль» кілем және кілем өнімдері әлемнің кез келген елінің өнімдерімен бәсекелесе алады, өзімізде де кез келген сапада, кез келген дизайнда кілем тоқуға мүмкіндік бар. Жаңа станоктар премиум сапада кілемдер шығаруға мүмкіндік береді.

 

– Жеңіл өнеркәсіпті дамытуда мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті. Жаңа өндірістік цех та осы АЭА аумағында орналасқан. Мемлекеттің қолдауынсыз мұндай өндірісті жүзеге асыру мүмкін емес. Кілем өндірісіне қажетті шикізат шетелден келеді. Фабрикаға қажетті заттарды мүмкіндігінше елімізден алуға тырысамыз. Жалпы мемлекеттік гранттар бізге үлкен қолдау. Жаңа жобаның құрылыс жұмыстары компанияның өз қаржысы есебінен жүргізілді. Ал станоктар «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында алынды. Даму қоры субсидиялайды. Компания тек несиенің 6 пайызын төлейді, – дейді Нұрғали Маратұлы.
Кәсіпорын негізінен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда кез келген қала тұрғыны жұмыс істей алады. Алдымен осындағы тәжірибелі мамандардан үйренеді, білім-біліктілігін арттырады. Әрі қарай цехтарға жолданады. Жаңа өндірісте де жергілікті мамандар жұмысқа тартылуда.
Таяуда қала әкімі М.Әйтенов «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтағы жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмыс барысымен танысты. Шаһар басшысы Bal Tekstil фабрикасын аралап, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың маңызына тоқталып өткен-ді.
Мемлекет басшысы жеңіл өнеркәсіпті ілгерілетуге, халықты жұмыспен қамтуға басымдық беріп отыр. Нарық барлық кәсіпорынға бәсекеге қабілетті болу талабын қояды.
Қазіргі таңда Bal Tekstil өнімі Қазақстанның бүкіл қаласында сатылымда. Оның ішінде ең көп үлесі үш мегаполике тиесілі. Әрине, Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағада кілеммен қамту – басты назарда. Bal Tekstil кілемін қала тұрғындары да жақсы біледі. Өндіріс басшысы Н.Тоқсанбаев өнімді таныту бойынша қалада биыл күз айында кілем жәрмеңкесі өтетінін айтады.

«Принт» кілемшелер сұранысқа ие

2020 жылы Bal Tekstil кілем өндірісі жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған болатын. Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылуда. Еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады. Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған.
Құны 120 млн теңгені құрайтын жобаның өндіріс қуаттылығы –жылына 400 мың шаршы метр кілемше. Мекеме 14 адамды жұмыспен қамтыған. Жаңа өнімдер ішкі нарықтан бөлек, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталуда.
«Принт» кілемшелері сапалы әрі бағасы да қолжетімді. Өнім көлемін ұлғайту бойынша бірқатар жоспарлар бар. Өндіріс басшысы алда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған кілемшелер көбірек шығару назарда тұрғанын атап өтті.
Кілем фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібінде көшбасшысы болып танылған. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын құрайды. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап фабрика экспорттық нарықтарды игере бастады.
Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп саласындағы тағы бір жаңалық – қалада жіп шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылады. 2022 жылы инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге асады. Атап айтқанда, Azala Cotton кәсіпорны аралас иірілген жіп шығаратын екінші цехын іске қоспақ. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.
Айта кетсек, биыл алғашқы жартыжылдықта өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда қалада өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өскен.

 

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»