ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 11 БІЛІМ ҰЯСЫ – РЕСПУБЛИКАДАҒЫ 100 ҮЗДІК МЕКТЕПТІҢ ҚАТАРЫНДА

335

Бүгін Түркістан қаласында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Кеңес алдында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қалалардан келген бір топ ұстазды арнайы қарсы алып, Түркістанды аралатты. Жаңа нысандарды көрсетіп, жоспарларды баяндады. Одан кейін өңір басшысы мен ұстаздар «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің маңында ұйымдастырылған кітап көрмесі мен жергілікті жастар құрастырған роботтарды, жобаларды тамашалады.

Тамыз кеңесін «BILIM MEDIA GROUP» ЖШС директоры Рауан Кенжеханұлы жүргізіп отырды. Сонымен бірге кеңеске «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шамшидинова мен білікті ұстаздар қатысты. Білім саласындағы мәселелер талқыланып, жоспарлар баяндалған жиында облыс әкімі барша ұстаздар қауымына жылы лебізін білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Жаңа Қазақстанның ең үлкен үміті мен ең басты тірегі – білімді ұрпақ. Биыл облысымыздың білім саласына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өсті. Былтыр республикада 200 мектеп салынса, соның төрттен бірі біздің өңірде бой көтерді. Биыл 57 мектептің құрылысы жүруде, жыл соңына дейін 34-і тапсырылады. Бұндай көрсеткіш бұрын болмаған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында үш ауысымды, апатты мектептерді толығымен жою көзделіп отыр. Сондай-ақ 300, 600, 1200 және 2500 орындық жаңа мектептер салу жоспарланды. Осы құрылыстың нәтижесімен облыстың 65 мыңға жуық оқушысы жаңа типті мектепте оқиды. Облыстық бюджет және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан облысымыздың орта білім беру ұйымдарына қажетті қаржы қаралып, жаңа оқу ғимараттармен, материалдық-техникалық және оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, жағдай жасалуда. 2021 жылы қыркүйек айында Түркістан қаласында 720 орынға арналған химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылып, 500 оқушы қабылданды. Қосымша біліммен қамту облыста 70 пайызға жетті. Осы бағытта өткен жылы Түркістан қаласында «Оқушылар сарайы», «Ақжайық» саз мектебі және «FabLab» (лабораториялар фабрикасы) ашылып, 3500-ге жуық оқушы қосымша біліммен қамтылуда. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әр баланың бос уақытын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлеміз. Осындай игі шаралардың нәтижесінде өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық 26 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарды отбасылық, рухани-адамгершілік тәрбиені дамытуға ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға тікелей ықпал ететін 1000-нан «Аналар», «Әкелер», «Ардагерлер» кеңестерінің жұмысын ерекше атап өту керек. Алдағы жаңа оқу жылының табысы мен жетістіктері мол болып, шығармашылыққа және қуанышқа толы болсын, – деген Ө.Шөкеев еңбегімен дараланған бір топ ұстазға өз атынан Алғыс хаттар тапсырды.

Сонымен бірге түркістандық мұғалімдерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары да тапсырылды.

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Д.Болатханұлының айтуынша, өңір жаңа оқу жылына сақадай-сай. Биыл Түркістан облысындағы мектептерде 510 мыңнан аса оқушы білім алады. Бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш, әрбір 7-ші бала Түркістан облысында білім алады деген сөз. 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында облыста кезең-кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Мемлекеттік бюджеттен бөлек орта білім саласын жеке сектордың инвестициялауы арқылы дамыту қарқынды жүргізілуде. 2021 жылмен салыстырғанда жекеменшік мектептер саны 17-ге артып (31%), бүгінгі таңда облыста 56-ға жетіп отыр. Облыста 1406 мектепке дейінгі ұйым қызмет етуде. Түркістан облысы республикада балабақша ашу көрсеткіші бойынша да алдыңғы орында.

Тамыз кеңесінде білім сапасын арттыру, «TURKISTAN BILIMI» стратегиялық даму жоспары әзірлеу, кітапханаларды цифрландыру, ұстаздардың білімін арттыру, мектеп тапшылығын жою және өзге де мәселелер талқыланып, маңызды баяндамалар жасалды. Ұстаздардың кеңесі талантты оқушылардың концерттік бағдарласымен өрнектелді.

Айта кетейік, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылардың үлгерім сапасы 69,4 пайызды құрап, алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 5,7 пайызға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республика көлемінде «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр.