ШЫМКЕНТ КӨКТЕМГІ ЕГІН ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫН
Шымкент қаласы аумағында биыл егіс көлемін 29,8 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абунасыр Джанбатыров @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.
Биылғы егіс көлемінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 0,5 мың гектарға артық.
2022 жылы егіс алқаптарынан 90,1 мың тонна өнім өнім жиналады деп күтілуде. Оның ішінде мал азығына басымдық берілген. Жиналатын өнімдердің 14,5 мың тоннасы дәнді дақылдар, 2,8 мың тонна майлы дақылдар, 51 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері, 3,6 мың тонна картоп, 18,2 мың тонна мал азықтық дақылдары.
Эфир барысында дала жұмыстары үшін мемлекеттен бөлінген субсидиялар туралы да сөз қозғалды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары үшін жанармайды таратушы операторлар анықталған. Шаруалардың өтінімі негізінде жеңілдетілген бағада 1 литрі 189 теңгеден 259 тонна жанар жағармай босатылған.
Ал, егін өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар мен тұқым шаруашылығын дамыту және пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға қаржы бөлініп отыр.
Тікелей эфирде тұрғындардан егін және мал шаруашылығын субсидиялау төңірегіндегі сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берілді.
Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі