ӘКЕЛІ — БАЛАЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР ДИНАСТИЯСЫ

187

Түркістан облыс атанғалы ғажайып құт мекенге айналды. Керуен сарай кешенінде бой көтерген сәулетті ғимараттарға таңдана қараймыз. Құтхана Фараб кітапханасын айналып өту мүмкін емес. Оқырмандарымен дәулеті тасыған Фараб кітапханасында Түркістан облысы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Бұқаралық көрмелер сектрінің меңгерушісі Нәльтаева Пернекүл Сеитбекқызының ұйытқы болуымен «Әкелі-балалы полицейлер династиясы» тақырыбында ауқымды ісшара өтті. Адамның ширек ғұмырын алақанға салып бергендей, полиция ардагері Сейсембеков Айтбай мен оның әкесі марқұм полиция саласында басшылық қызметте ұзақ жылдар қызмет атқарған Сейсембекұлы Жаңабайдың қызметтегі өмір жолдары кеңінен тарқатылды.

Кездесу кешіне Түркістан қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Түркістан қаласының құрметті азаматы Бақытжан Бейсембаев, Полиция полковнигі, Облыстық ардагерлер төрағасының орынбасары Нұржанов Есалы, Түркiстан қалалық ақсақалдар кеңесiнiң мүшесi Шора Есмолдаев ,Түркістан облыстық Қоғамдық келісімнің мүшесі Бақытжан Жармаханұлы, Өтепберген Қуаныш, Пирметов Ғабибулла, Кенжеғұлов Абдулла, Сәдуақасов Әбжаппар, Дастан Алпысбай, Мухаббат Әбжаппарова т.б. қатысты. Өткен шақтағы қызықты оқиғаларды еске түсірген замандастары өзара диалог құрып, шер тарқатып, бір жасап қалды.

Сейсембеков Айтбайдың ағайын-туғандары, бауырлары, ұл-қыздары, немерелері ыстық ықыластарын білдіріп, сөз сөйлеп, әуезді ән айтып, арнау оқып, би билеп құрметтерін көрсетті.

Сейсембеков Айтбайдың дара жолын ұлықтаған, дәріптеген Түркістан облысы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлеріне және осы кездесу кешін тың мәліметтермен ізденіп, барын салып тыңғылықты ісімен атқарған «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Бұқаралық көрмелер сектрінің меңгерушісі Нәльтаева Пернекүл Сеитбекқызына айтар алғысымыз шексіз.

Несіпкүл Өтебаева.