ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША РЕЙДТЕР ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

102

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев айтты.

Спикердің сөзінше, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқығын қорғау полиция қызметкерлерінің күн тәртібінен түспек емес. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім және жауапкершілік» жедел-профилактикалық іс шаралары өткізіледі.

– Жыл басынан бері жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 142 кәмелетке толмаған және тұрғын үйден тыс жерде жүрген 3 402 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 68 мекеме иесіне Әкімшілік кодекстің 132-бабымен хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 329 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 243 отбасы есепке алынды. Ал жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыстар 2 пайызға төмендеді. Ата-аналарға айтарым, демалыс кезінде балаларыңыздың қайда жүргенін қадағалап, түнгі уақытта өз беттерінше үйден тыс жерлерде болуына жол бермеңіздер. Себебі, осы уақытта балаларыңыз қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін, — деді Бағланбек Есембекұлы.

Брифингте Жергілікті полиция басқармасының бастығы Асылхан Төреханов өңірдегі 17 жазғы лагерьге полиция қызметкерлері бекітілгенін, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы кезекшілікке түсетінін жеткізді.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары шомылу кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Осы бағытта полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп, үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал тыйым салынған жерлерде шомылу деректері анықталған жағдайда, Әкімшілік кодексінің 364-бабымен жауапкершілікке тартылады. Сондықтан балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігі толық сақталуы үшін ата-ана, қоғам, тиісті мекеме қызметкерлері полицейлермен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдауы керек.