АУДАН ӘКІМІ ДЕРБІСЕК ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Дербісек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, асфальт жол салу, табиғи газбен қамтамасыз ету туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Өз кезегінде аудан басшысы тұрғындарға аудан аумағында инфрақұрылым деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ағымдағы жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Атамекен елді мекеніндегі Жабай ата, Ж.Қойбағаров және Т.Қожахметов көшелерінің 7,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Дербісек елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталған соң құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың негізгі мектепке қосымша ғимарат салу және таза ауыз су мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын қабылдау барысында ауыл әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтініштерді назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.