ҒАНИ РЫСБЕКОВ: АТА ЗАҢ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

285

 

Сауран ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Ата заңым — айбарым» тақырыбында мерекелік кеш өтті.

Кешке Сауран ауданының әкімі Ғ. Рысбеков, мәслихат хатшысы М. Күнпейісов, ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Ахметов және ауданның зиялы қауым өкілдері мен қызметкерлері қатысты.

Аудан өнерпаздарының патриоттық ән-жырларымен өрбіген мерекелік кеште аудан әкімі Ғани Рысбеков құттықтау сөз сөйлеп, Ата Заңымыздың маңызын атап өтті.

«Егемен ел болған соң, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Ата заңы қабылданды. Конституция халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепіліне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Елімізде 5 маусымда республикалық референдум өткен болатын. Бұл күн Мемлекет тарихында таңбалануын ерекше күн. Ата заңымызға толықтырулар мен оң өзгерістер еніп, мемлекетіміз жарқын болашаққа жаңа қадам басты. Ата Заң — тұрақтылық пен дамудың негізі. Ата заңымызды ардақтап, ондағы ережелерді сақтау әр қазақстандықтың борышы. Бұл еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі»,- деді Ғ. Рысбеков.

Мемлекеттік мерекеге орай ұйымдастырылған кеште жас мемлекет қызметші Әлімхан Данияр Қалиханұлының ант беру рәсімі өтті. Мемлекеттік қызметке қадам басқан жас қызметші Ата Заңға оң қолын қойып, ел үшін қызмет етуге ант берді.

Кеш соңында жаңадан құрылған ауданның дамуына еңбек сіңірген қызметкерлер мен ардагер, ақсақалдарға аудан әкімі мен мәслихат хатшысының арнайы алғыс хаттары табысталды.