ҚҰРСАЙЛЫҚТАР АУЫЗ СУҒА ТОЛЫҚ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

504

Шымкент қаласының шалғайда орналасқан шағынаудандарына соңғы жылдары инфрақұрылым тарту жұмысы қарқын алды. Тұрғындардың көптен бері көтеріп келген мәселелері әкімдіктен қолдау тауып, бұрынғы тұрғын алабтар қазір шағынаудан деңгейіне жетті. Кезекті сапарымыз Құрсай шағынауданына жалғасты.

Құрсай шағынауданында қазір ауыз су жүйесінің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағынауданды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы ІІ кезең бойынша жүзеге асырылуда.
Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 80 пайызы орындалған. Жобаға өткен жылы 747,2 млн. теңге қаржы қаралса, биыл 2 040,4 млн. теңге бөлініп отыр. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Нысан пайдалануға берілсе, құрсайлықтар тіршілік көзінің игілігін көреді.
Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырымды құрайды. Өткен жылы басталған жоба биылғы жылдың соңында пайдалануға берілмек. Қазір мұнда жұмыстың 90 пайызы атқарылған. Ауыл биі Исабек Үйсінбаевтің сөзінше, құрылыстың аяқтауын, сапалы ауыз суға қол жеткізер күнді тағатсыздана күтіп жүргендер көп.

–Шағынауданымыз өте үлкен. Орталық көшелерден бөлек жаңақұрылыс аумағында №282, 283-орамдар бар. Кейбір көшеде су кестемен беріледі. Бірқатар көше ауыз суды жеке ұңғымадан алады. Міне, былтырдан бері су жүргізу үшін құбырлар тартылып жатыр. Құрылыс аяқталғанда Құрсай тұрғындарының барлығы түгелдей сапалы, әрі мемлекеттік жүйедегі үздіксіз ағып тұрған суды пайдаланады, – дейді И.Үйсінбаев.

Ауыл биі тұрғындарды толғандырған өзге мәселе туралы да айтып өтті. Құрсайдың орталығына электр жарығы тартылғанымен, жаңақұрылыс аймақтары жекеменшік трансформатор жарығын пайдаланып отыр. Жекеменшік желі жел тұрғанда сөніп бір әбіржітсе, бағасының қымбаттығы халықтың қалтасына салмақ түсіруде.

–Орталық көшелерге мемлекеттік жүйедегі электр жарығы тартылған. Желі тарту кезінде Бекболатов көшесінде орналасқан 25-тен астам үй қалып қойды. Қазір қала әкім Мұрат Әйтенов халықпен жиі кездесіп, кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге күш салып жатыр. Бұған өте қуаныштымыз. Қалып қойған үйлер мен 282 мен 283-ші орамдағы жарық мәселесін қала басшысының кезекті кездесуінде жеткіздік. Келер жылы инфрақұрылымға жауапты басқарма бұл мәселенің шешілетініне уәде берді, – дейді ауыл биі.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде елді мекенді коммуналдық және инфрақұрылыммен қамту кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асуда. Шағынауданның жаңақұрылысында орналасқан 282 мен 283-ші орамға сапалы электр жарығы және табиғи газ жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжат әзірлену үстінде. Ал, Бекболатов көшесінде қалып қойған үйлер 2023 жылы мемлекеттік жарық жүйесіне ауыстырылады. Бұл мәліметті Абай ауданы қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Қапашов жеткізді.
Өткен жылы Құрсайда екі көшеге шағал тас төселген. Биыл тағы 7 көшеге тас төселіп, екі көше асфальттанады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін биылғы жылы Жеті жар көшесі мен З.Сатқанбай көшесіне жарық шамы орнатылған.

–Қазір шағынауданға су тарту үшін жол жиегінде қазу жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындарға уақытша қолайсыздық туғызғанымен алдағы уақытта осы қазылған жерлер қайта көміліп, инфрақұрылым жүйесі толық тартылып болған соң көшелерге асфальт төселеді, — дейді Е.Қапашов.

Шағынауданда инфрақұрылым тарту жұмысымен бірге тұрғындарды демалыс орнымен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындардың өздері аудан әкімдігіне ұсынысын жеткізіп, балалардың ойын және спорт алаңшаларын салуға себеп болуда. Жуырда Қарнақ көшесінде тұрғындар өтініші негізінде ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Ақбата көшесіндегі балалар алаңы да тұрғындардың ұсынысымен орнатылды. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері қойылған. Сонымен қатар, Әулиекөл, Талғар, Таңатар және Алтын асар көшелерінде салынған ойын алаңшалары құрсайлық бүлдіршіндерге арналған.
Айта кетсек, Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спрот алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне беріледі.

«Шымкент келбеті»